Қоғам үшін түрлі ауысулардың орын алуы заңдылық деп ойлаймын. Елімізге жаңа биліктің келуі халықпен айрықша байланыс орнатып, түрлі ұтымды реформалардың жүзеге асуына мүмкіндік беретініне сенімдімін. Жақында өздеріңіз куә болғандай, мемлекетіміздің тарихында саяси жағдайдың тағы бір парағы ашылып, кезектен тыс сайлаудың нәтижесі бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жеткен болатын. Жалпы, жеке өз басым әуел бастан Қасым-Жомарт Кемелұлына сенім артқан адамдардың бірімін. Өйткені, ол кісіні тәуелсіздік жылдардан бері ел экономикасының дамуына үлес қосқан, дипломатиялық біліктілігі бар саясаткер деп танимын. Сондай-ақ, Елбасының сара жолын жалғастырушы лайықты адам ретінде көремін.
Осы аптада сайланған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұлықтау рәсімі өткізілгені баршаңызға белгілі. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына салтанатты түрде ант беріп, ел келешегінің кемелі үшін басым бағыттарға да айқын тоқталды. Оның ішінде Қазақстан халқының мүддесін қорғайтын, Үкімет құрамы жастар жағымен толығатынын және басқа өзекті мәселелерге тоқтала келе, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру жоспарын айтқан болатын. Бұл Президент тарапынан қабылданған оңды шешімдердің бірі деп ойлаймын. Олай деуімнің себебі, аталған кеңестің құрамы ауқымды болып, әр саланың білікті мамандары бекітіледі. Ал, ол еліміздегі түрлі әлеуметтік немесе қоғамдық мәселелеге оң өзгеріс әкеледі.
Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлының осы бастамасы көптің көңілінен шығатынына сенімім мол. Халық таңдап сайлаған жаңа Мемлекет басшысының алға қойған жоспар-міндеттері ойдағыдай іске асып, елдің дамуы жолында атқарар жұмыстарына тек сәттілік, тілеймін!
Несіпбала ӘБДІЛДАЕВА.
Қаскелең қаласы ардагерлер кеңесінің төрайымы.