Осы аптаның сейсенбісінде, Балаларды қорғау күніне орай, ауданымыздағы «RAKHYM» мүмкіндіктері шектеулі балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын оңалту қайырымдылық қоры мерекелік шара өткізді. Бұл орталық ауыр тағдырларын арқалап келген балалардың денсаулығын педогогикалық-психологиялық түрде қолдауға бағытталған.
Сыңғыр күлкілі сәбилеріміздің барлығы бақытты болуға лайықты.Өкінішке орай, қоғамда өздігінен жүгіріп, секіріп ойнай алмайтын балдырғандар да бар. Ортадан жырақ қалған балалар ерекше күтім мен қолдауға зәру. Кейбіреуі үнемі медициналық қызметкер мен педагогтың назарында болуы тиіс. Ал, арнайы мекемелердің саны шектеулі. Сол себепті біз сөз етіп отырған орталыққа жүктелер жауапкершілік жоғары, сенім де зор. Осыған байланысты мұндағы педагогтар да балаға арналған жеке даму бағдарламасын басшылыққа алады. Ата-ана мен педагогтар бірігіп атқарған жұмыстардың нәтижелері де жоқ емес. Қазіргі таңда 40-тан аса бала тегін ем қабылдауда. Мұндағы дәрігерлер, психолог, логопед мамандары 3 пен 18 жас аралығындағы ерекше санаттағы балаларды қабылдауға, әрқайсысына ерекше жұмыс жасауға дайын. Нәтижелер де жоқ емес. Соның ішінде, кішкентайынан целебралды сал ауруына шалдыққан Рамазан Шератзе ем қабылдау орталықтың тынымсыз, жүйелі жұмысының дәлелі. Сәуір айынан бастап ем қабылдап жатқан Рамазанның, жүрісі мен сөйлеуінде көп өзгеріс бар. Яғни, орталық балалардың жанынан табылып, тек олардың денсаулығына ғана мән беріп қоймай, сонымен қатар, өздері қатарлас замандастарымен бірге дамуларына қолғабыс етіп отыр. Атасы Рафик Бедаловтың айтуынша, немересін сауығу жолында септігін тигізіп келе жатқан, мұндағы ипотерапия әдісі мен мекеменің мейірімді, жылы жүзді қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтті. Көз қуанышы немересі күн сайын жақсарып келе жатқанын көру нағыз бақыт екенін айтып, осы үшін үлестерін қосқан оңалту орталығына да алғысын жеткізді.
Осы жиынға арнайы келген облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Ақзира Нұрдуллаева, білім басқармасының маманы Гүлім Мырзаханова және орталықтың әрі қарай дамуына қолғабыс етіп отырған демеушілер мекеме ішін аралап жай-күйімен танысты. Одан кейін қонақтар арнайы дайындалған концерттік бағдарламаны тамашалады. Бұл жолғы шара, алдыңғыларынан өзгерек. Себебі, осы мейрамға емделушілердің нәтижелерін көрсету мақсатында орталықтың қызметкерлері балалардың қатысуымен концерттік бағдарлама дайындапты. Алдымен, «Әрқашан күн сөнбесін» әнін барлық бүлдіршіндер хормен орындап, ақындардың өлеңдерін шамалары келгенше оқыды. Тіпті, «Қара жорға» биін де нақышына келтіре билеуі де әдемі көрініс еді. Ғабиболла «Анашым» әнін орындаса, Айдана шырқаған «Армансыз күнім болмайды» әуені көрермендердің көзіне еріксіз жас үйірді. Ал, қос аяғында ақауы бар, ерекше дауыс иесі Индира «Синяя вечность» әнін орындады. Балалардың еш кедергілерге қарамай ынтамен, бар ықыластарын сала көрсеткен өнерлері көпшілікке де керемет көңіл-күй сыйлап, ерекше әсерге бөледі. Жиынның соңында демеушілер бүлдіршіндерді алда келе жатқан мейрамдарымен құтттықтап, сыйлықтарын табыстады. Сондай-ақ, «RAKHYM» оңалту орталығының құрылтайшысы Р. Бүркітбаеваға қарқынды жұмыс жасап, мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдап жүргені үшін Г. Мырзаханова облыстық білім басқармасы басшысының атынан Алғыс хат табыстады (суретте).
Б. ЕРМЕКҚЫЗЫ.