Еліміз егемендік алғалы жас ұрпақты өз халқының өнегесіне, әдет-ғұрпына сай тәрбиелеу күн тәртібінде өзекті мәселе болуда. Ата-бабаларымыздан келе жатқан ұлттық қолөнеріміз арқылы оқушыларды іскерлікке баулумен қатар, ұлттық қолөнер шеберлігінің ұрпақтан-ұрпаққа жеткен қайталанбас мұралары арқылы олардың эстетикалық талғамын қалыптастыруда ұстаздардың еңбектері зор. Осыған орай аптаның дүйсенбі күні аудандық тарихи-өлкетану музейінде, білім бөлімінің ұйымдастыруымен, мектеп мұғалімдерінің қолөнерін паш ететін «Шебер қолдар» атты көрме өтті. Оған білім ұяларының ұстаздары мен оқушылары қатысып, онда ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан қолөнер бұйымдарын жасау жолдарының тиімді тәсілін жас ұрпаққа үйретіп жүрген қарасайлық 48 мектеп ұстазының жұмыстары қойылған. Елбасының «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары аясында өткен бұл көрменін мақсаты – оқушылардың өз еліне, жеріне, туған халқына деген сүйіспеншілік сезімін арттыру, халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін дамыту. Өнер арқылы отансүйгіштікке, бір-біріне деген қамқорлық сезімге баулу.
Көрмені ашқан білім бөлім басшысының орынбасары Әсет Нұрекенов қазақтың ән өнері, қолөнері, зергерлік өнері өзінің төлтума бітім-қасиетімен, көркемдік мән-мағынасымен шын мәніндегі халқымыздың ғасырлар тағылымынан өткен асыл қазынасы екенін айтып, оны әрі қарай дамытып, жас ұрпаққа үйретіп отырған ұстаздарға алғысын білдіріп, толағай табыстар тіледі. Сондай-ақ, аудандық білім бөлімінің әдіскері Мәнсия Буданова да сөз алып, республикалық дәрежеде өткен көрмелерде ауданымыздағы Қарасай батыр, Қ.Сәтбаев, Н.Әлімқұлов, Б.Қосынов атындағы білім ошақтары және Шамалған орта мектептерінің ұстаздары білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатына ие болғандықтары жайлы баяндады.
Көрмеде бейнелеу өнерінің натюрморт, пейзаж, портрет сынды жанрларында салынған жұмыстар қойылған. Туындыларда авторлардың жүрек жылуы мен елге деген махаббаты, егемендік жылдарындағы Қазақстанның жеткен жетістіктері кеңінен бейнеленген. Қатысушы ұстаздар кестелеу, тоқу, тері, ағаш, металл өңдеу техникаларын қолданған шығармашылық жұмыстарын да ұсынған. Сондай-ақ, металдан өрнектеліп жасалған зергерлік бұйымдар да таңқаларлық әдемі, олар филигрань техникасында орындалған. Қатысушылар киіз өңдеудегі авторлық жұмыстарын да, ұлттық нақышқа толы бұйымдарын да көпшілік назарына ұсынды. Мұнан бөлек ағаш және сүйектен жасалған бұйымдардың да көптеген түрлері қойылды. Ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен әсемделіп жасалған әшекейлік заттар да осы жерден табылды. Тұрмыста қолдануға арналған неше түрлі киіз бұйымдар да бар.
Материалының, жанрының және орындалу техникасының алуан-түрлілігімен таң қалдырған көрме оны тамашалаушыларды үлкен әсерге бөледі.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.