«Alma Qala» қозғалысы қашанда алма жемісінің түрлі сортын көбейтуді мақсат етіп қана қоймай, оның жойылуына да қарсы әрекет жасап жүрген, бағыты айқын ұйымдардың бірі болып табылады. Өткен аптаның жұмасында дәл осы қозғалыс ұйымы, Қаскелең қалалық әкімдігінің қолдауымен, аудан орталығында орналасқан Наурызбай батыр ескерткіші алаңының маңайына 200 түп жабайы алма көшеттерін отырғызды.
Науқанның символына айналған бұл алма – негізінен Іле Алатауында өсетін жабайы жеміс ретінде алманың түп төркіні болып саналады екен. Ал, осындай бастаманың басы-қасында үнемі жүріп, алты жыл ішінде Алматы шаһарының небір көрікті жерлеріне алма ағаштарын отырғызуға атсалысқан Еркін Стамбеков (бірінші суретте) мұндай игілікті іс ұрпаққа үлгі екенін айтады.
– Жеріміз алмалы болсын деген ниетпен бұл алма ағашын еліміз бойынша кеңінен насихаттап жүрген жайымыз бар. Осы уақытқа дейін Алматы қаласында аталмыш жемісті қолайлы деген жерге егіп келдік. Енді, міне, Қаскелең қаласына да алма көшеттерін отырғызып жатырмыз. Менің ойымша, мұндай жақсы істер артымыздан еріп келе жатқан ұрпағымызға мақтаныш, әрі үлгі деп ойлаймыз, – дейді «Alma Qala» қозғалысының белсенді мүшесі, жеке кәсіпкер Е.Стамбеков.
«Аlma Qala» қозғалысының қаламыздағы бұл бастамасына дәл осы күні қолғабастық ниетін білдіріп, көшеттер отырғызу жұмысына Қаскелең қаласы әкімі Асқар Мұқашев бастаған әкімдік қызметкерлері, «Жер Ана ЛТД» компаниясы мен «Forte Bank» акционерлік қоғамының Алматы облысындағы филиал мүшелері және тағы басқа еріктілер де қатысты.
Дидар МУХАМАДИЕВ.