Соңғы уақыттарда көп балалы аналар мен жағдайы төмен отбасыларға қатысты түрлі мәселелер көпті алаңдатқаны рас. Алайда, оларға мемлекет тарапынан бөлек, әлеуметтік жағынан қол ұшын беріп жатқан қайрымдылық ұйымдардың да қатары аз емес. Солардың бірі – «Садақа» қайырымдылық қоры.
2008 жылы құрылып, мейірімді жандардың басы біріккен бұл ұйымның атқарып жатқан игілікті істерімен танысу үшін, жақында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев арнайы іссапармен келді. Министр «Садақа» қайырымдылық қорының ықпалымен аудан орталығы Қаскелең қаласының маңайында орналасқан шағын қалашықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып, аталмыш қордың атқарып жатқан бірқатар игі бастамаларына көз жеткізді. Бердібек Машбекұлы алдымен «Садақа» қорының ықпалымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынған баспаналарға кіріп, тұрғындардың жай-күйімен танысты.
Жалпы, осындай тұрғын үйге мұқтаж жандар аталмыш қайырымдылық қордың тіркеуінде міндетті түрде болуы керек. Ал, «Садақа» қоры өз кезегінде әлеуметтік тұрмысы төмен сол отбасылардың немесе көп балалалы аналардың жағдайын қарастыра келе, аяғынан нық тұрып кеткенше баспанамен қамтамасыз етеді. Солардың бірі – Семей қаласынан көшіп келген үш баласы бар Гаухар Кенжебекова. Қазіргі таңда Гаухар осы қалашықта орналасқан тігін цехында қызмет етіп, тұрақты жұмысының жемісін көруде.
Бүгінде 13 үйдің іргесі қаланған қалашықта 140 адамы бар 33 отбасы өмір сүріп жатыр Қайырымдылық қордың алға қойған мақсаттарының бірі осындай тұрғындарға баспана сыйлаумен қатар, олардың коммуналдық төлемақыларын, бала-шағаларының мектепке, балабақшаға апарып-алып келуін де қамтамасыз етеді. Арнайы келген министр Бердібек Сапарбаев «Садақа» қорының осы қалашықта орналасқан төрт тобы бар 70 бүлдіршінге арналған балабақшаны аралап, қызметкерлерімен тілдесіп, балалардың жатуына арналған төрт қабатты төсегіне де ерекше назар аударды. Бір айта кетерлігі, бұл жатар орын осы қайырымдылық қордың жеке авторлық ойлап тапқан өнімі. Министр, сондай-ақ, құрылыс, шеберхана, тігін цехтарының жұмыс барысын көріп, отандық өнімдерге көңіл аударды. Бұл жұмыс орындары осында тұрып жатқан адамдардан бөлек, қалаға жақын орналасқан елді мекендерде тұратын жұмыссыздарға да арналған. Жұмыспен қамтасыз ету жайлы «Садақа» қайырымдылық қорының директоры Нурулла Қазмағанбетов, қордың өзге де жобалары жайлы айтып өтті.
– Біздің қордың қарамағында «Жанар» оңалту орталығы да жұмыс атқарады. Оның негізгі мақсаты – көз жанарынан енді айырылған зағип жандарға әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету. Бұдан бөлек, ұйымның тағы бір жарқын жобасын айтуға болады. Ол, яғни, техникалық мамандық бойынша білім беру. Оның ішінде шаштараз, кондитер, аспазшы, тігінші, массаж курстары бар, – дейді «Садақа» қорының басшысы.
Аталған мамандықтар жарты жыл ішінде оқытылып, даярлық курстан өткендерге арнайы сертификат табыстайды. Ал, қайырымды істерді мақсат еткен бұл ұйым өз тарапынан сол мамандық иелерін жұмысқа тұрғызып қана қоймай, кәсібін одан әрі жандандыруына қаржылай көмектеседі. Сондай-ақ, аталмыш ұйым біз айтып отырған шағын қалашықтың аумағында әлеуметтік дүкенді де ойластырып қойған. Ал, азық-түліктердің бағасында көп айырмашылық жоқ, тек нарықтағы бағаның 10 пайыздық мөлшерлемесін ғана қосады екен.
«Садақа» қайырымдылық қоры осындай көз қуантарлық істерден бөлек, қазіргі уақытта көмекке зәру тұрмысы төмен 55 отбасына ай сайын 20 мыңнан 75 мың аралықта қаржылай да көмегін береді. Олардың арасында көп балалы және жалғыз басты аналар, жетім-жесірлер мен мүгедек жандар да бар. Өз сөзінде Бердібек Машбекұлы аталмыш қордың атқарып жатқан қайырымды істерін Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында да келешекте жүзеге асыру керектігін айтты.
Дидар МУХАМАДИЕВ.