«Спорт – денсаулық кепілі» демекші, бұл қанатты сөзді серік еткендердің қатарында еліміздің прокуратура қызметкерлері де бар. Оның айғағы ретінде жақында ауданымызда шағын футболдан өткен турнирді айтуымызға болады.
Бір апта бұрын Қаскелең қаласындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде ұйымдастырылған аталмыш спорттық жарысқа Алматы облысына қарасты бірнеше ауданның прокуратура қызметкерлері қатысты. Шағын футбол түрінде өткен турнир Қазақстан халықтарының бірлігі мен Отан қорғаушылар күндерін мерекелеу аясында өткізіліп, жиналған командалар Алматы облысы прокурорының кубогын сарапқа салды. Спорттық шараның басында аудан прокуроры Ғалымжан Сәрсенбаев сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Тартысты бәсекеге қатысқан командалар арасында Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле, Жамбыл аудандары және жарыс қожайыны ретінде біздің қарасайлық азаматтар да болды. Сонымен қатар, Қапшағай қаласы мен Балқаш ауданының құқық саласында қызмет ететін азаматтар 6-шы команда болып тіркеліп, жоғарыда аталған аудандармен бақ сынасты.
Шаршы алаңда ала доп тепкен қызметкерлер үш-үштен екі топқа бөліну арқылы жарыстың көрігін қыздырды. Заң айналасында қанша қызмет атқарғанымен барлығының ептілігінде спортқа деген қызығушылық, футболға деген икемділік, расында, байқалып-ақ тұрды. Әр топтан жеңімпаз атанған Талғар мен Қарасай ауданының спортшылары ақтық кезеңге өтіп, футбол алаңында лайықты финалдық ойын көрсетті.
Дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып отыратын турнирдің кубогы жеңімпаз командаға жарыс сайын табысталып отыратын шарты бар. Ал, биылғы кубок талғарлық прокуратура қызметкерлерінің командасына бұйырды. Жарыста қонақжайлықтарын танытқан қарасайлық спортшылар күміс жүлдені қанағат тұтса, турнирдің үштігінен Қапшағай қаласы мен Балқаш ауданы спортшыларының біріккен командасы көрінді. Жарыстан жүлделі болған бұл үш команда алдағы уақытта Талдықорған қаласында басқа аудандармен бақ сынасып, шағын футбол турнирінің нағыз чемпиондық атағына таласатын болады. Спортты серік еткен аудан прокуратура қызметкерлеріне өз тарапымыздан сәттілік тілейміз!
Дидар МУХАМАДИЕВ.