Жастар ресурстық орталығы аудандық кітапханада жиын ұйымдастырды. Мұндағы басты мақсат – жастардың белсенділігін арттыру. Алқалы басқосуға ауданның белсенді ардагерлері, музей жетекшілері және студенттер қатысты. Алдымен Қаскелең мәдениет колледжінің білімгерлері Айсұлу Жұмашева мен Мейрамбек Шерипбаев және Сүлеймен Демирел университетінен Елмұрат Ораз еліміздің дамуына қосар үлестері жайында сөз етті. Сонымен қатар, аудандағы еріктілер қоғамдық жұмыстарға арласу арқылы өздерін жақсы жағынан көрсетіп, әртүрлі қызмет аясында сынап көріп, өмірлік жолдарын анықтауға өз септігін тигізбек, дейді іс-шараға қатысушылар.
Соның ішінде санасы сергек, жоғарғы технологияларды меңгеруге бейім жаңа ұрпақ тәрбиелеу мақсатында, жастардың қоғамдық және саяси өмірін белсенді ету аясында әңгіме өрбітті. Жастардың жалынды талпынысын байқап, пікірлеріне құлақ асқан «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы, тарихи-өлкетану музейінің директоры Серік Қалиев, Қаскелең қаласы ардагерлер кеңесінің төрайымы Несіпбала Әбділдаева және ардагер ұстаз Баян Мұхамедиярова оларды қолдап, ризашылықтарын білдірді. Міне, осындай еліміздегі ең негізгі күшті құрайтын жастардың білімді, өз құқығын толықтай білетін, қорғай алатын азаматтар болып қалыптасқандығының мемлекетіміздің одан әрі дамуына, дұрыс бағытта жұмыс жасауына қосар үлесі шексіз.
Б. ЕРМЕКҚЫЗЫ.