2017 жылдың бірінші шілдесінен бастап елімізде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң күшіне енген еді. Бұл ретте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша, оңтайлы жұмыс мақсатында, барлық өңірлерде ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақында ауданымызға қарасты Шамалған бекетіндегі қазақ орта мектебінде медициналық сақтандыру бойынша осындай шара өткізілді. Оған ауылдық округтің әкімі, аудандық жұмыспен қамту орталығы, мемлекеттік кірістер комитеті, орталық аурухананың қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты. Жиынды орталық аурухананың дәрігер-фориологы Дана Тәждинова ашып, жиналған тұрғындарға медициналық сақтандыру жүйесі қашан және не үшін құрылғаны туралы біраз мәлімет беріп өтті. Ал, орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Марат Ақылбеков тұрғындарға медициналық сақтандыру шеңберінде қандай көмек түрлерін алатынын айтты. Мәселен, сақтандырылған азаматтар келесі көмек түрлерін ала алады: емханалық-амбулаторлық көмек, емханада емделу, дәрігерлік қабылдау, зертхана қызметі, диагностика және манипуляциялар, стационарлық көмек – жоспарлы тәртіп бойынша ауруханада емделу, стационарды алмастыратын көмек – күндізгі стационарларда емделу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (емханалық-амбулаторлық көмек көрсетілген жағдайда), медбике күтімі (өз-өзіне қызмет көрсете алмайтын жағдайда), ауру салдарынан бөгде адамдардың көмегін немесе күтімін тұрақты қажет ететін тұлғаларға көмек көрсету, паллиативті көмек – айықпайтын, ауыр сырқаттарға шалдыққан науқастардың өмір сүру сапасын жақсарту, олардың ауруын жеңілдету, денсаулықты қалпына келтіруге бағытталған ем және медициналық оңалту. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде жарнаны әркім өз мүмкіндігіне қарай төлейді, ал, медициналық көмекті қажеттілігіне қарай алады. Яғни, азаматтардың бәріне бірдей, бірыңғай пакет ұсынылады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған азаматтар кез келген клиникадан медициналық көмек ала алады. Сондай-ақ, ол жұмыссыз адамдардың жарнаны қалай төлейтінін де айтып өтті. Егер адам жұмыссыз болса, халықты жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссызбын деп мiндеттi түрде тіркелуі керек. Тіркелген азаматтарды мемлекет сақтандырады.
Жалпы, мемлекет әлеуметтік жағынан аз қамтылған 14 санаттағы азаматтар үшін жарна төлейді. Олардың саны – 10,1 млн адам. Бұл топқа жататындар: балалар; жұмыс істемейтін жүкті әйелдер; үш жасқа толмаған бала тәрбиелеп отырғандар, жұмыс істемейтін тұлғалар; бала туу, жаңа туған сәбиді асырап алу, үш жасқа дейін бала күтімімен айналысу үшін демалыста отырған тұлғалар; 18 жасқа дейінгі мүгедек бала күтімімен айналысып отырған жұмыс істемейтін тұлғалар; зейнетақы алушылар; соның ішінде, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен ҰОС мүгедектері; сот үкімі бойынша қылмыстық-түзету (пенитенциарлық) жүйесінде (қауіпсіздігі минималды мекемелерді қоспағанда) жазасын өтеп жатқан тұлғалар; тергеу изоляторында отырған тұлғалар; жұмыссыз оралмандар; «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар; мүгедектер; орта, кәсіптік және техникалық, ортадан кейінгі, жоғарғы білім, сондай-ақ, ЖОО-нан кейінгі білім беру мекемелерінде оқып жатқан тұлғалар; орта, кәсіптік және техникалық, ортадан кейінгі, жоғарғы білім, сондай-ақ, ЖОО-нан кейінгі білім беру мекемелерін бітірген тұлғалар (олар оқу аяқталғаннан кейін үш ай бойы жарна төлемейді). Сонымен қатар, дәрі-дәрмек бағасы жайлы да айтылды. Сақтандыру жүйесі қазіргі кезде бағасы шарықтап кеткен дәрі-дәрмек мәселесін реттеуге ықпал етеді. Мемлекет бұрынғыдай халыққа тегін берілетін дәрі-дәрмек тізімін жасайды. Тегін дәрілердің тізімі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті шеңберінде сақталып қалады және алдағы уақытта біршама кеңейтіледі. Коммерциялық клиника дәрігері жазып берген дәрі-дәрмектің құны сол клиника мен Қор арасында келісімшарт бекітілген жағдайда ғана өтеледі. Алдағы уақытта МӘМС қоры келісімшарттар бекітіп, онда дәрі-дәрмектің бағасын белгілейді. Баға барлық жерде бірдей болмақ.
Мұнан бөлек жиында әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың әр баласына берілетін жәрдемақыны – 20 789 теңге жайлы да сұрақтар қойылды. Осы мәселеге қатысты жұмыспен қамту орталығының бас маманы Абылай Зуайда көп балалы отбасындағы әр перзентке оның қалай тағайындалатынын түсіндірді. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін атаулы көмек бір адамға шаққанда табысы күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан, бүгінгі күні күнкөріс деңгейінің төменгі шегі 29698 теңге десек, 14 849 теңгеден аспайтын отбасыларға төленіп келді. Аталмыш көмек алатын отбасының әр мүшесіне орташа алғанда 4834 теңге берілетін. Енді аталған көрсеткіш 70 пайызға – 20 789 теңгеге дейін көтеріліп отыр. Демек, отбасының жалпы табысын әрбір адамға бөлгенде ақшаның сомасы күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, яғни, 20 789 теңгеге жетпесе, отбасындағы әр балаға 20789 мың теңгенің жәрдемақысы беріледі. Ал, ата-анасына күнкөріс табысының деңгейіне жетпеген сома төленеді.
Жиын соңында тұрғындар келген мамандардан өздерін аландатып жүрген сұрақтарына жауап алып, басқа қалалардағы сияқты көп балалы аналарға арналған ашық терезелер ашу жайлы ұсыныстар айтты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.