«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Елбасы «Еуроцентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ» дейді. Шынында, ғылымда өз үстемдігімен, өз қалауымен төбебилік жүргізіп келген еуроцентристік бағыттағы ғалымдар соңғы ғасырларда өзгелердің пікірлерін көлеңкеде қалдырып, әр халықтың төл тарихын тек бірыңғай еуропалық таным-түсінікте ғана жазуға, жаздыруға тырысып бақты. Соған орай өздерінің тұжырымдарын, Л.Н.Гумилев айтқандай, «талдап, талқылауға жатпайтын ғылым жетістігі» ретінде ғылымға енгізді. Осы арқылы өз танымдарын өзгеге теліп, адамзат баласының кейінгі ұрпақтарының өмір сүру салтының еуропалық таным-түсінікке үйлесіп, сай келетіндерін – «өркениеттілер», «мәдениеттілер», ал, оған сай келмейтіндерін – «жабайылар», «тағылар» деп тану заңдылыққа айналды. Соның нәтижесінде еуропалық емес халықтардың дүниені еуропалықтардың ойымен зерделеп, болмысқа солардың көзімен қарауы – білімділіктің, ғалымдықтың белгісі болып саналды. Осының салдарынан көшпелі халықтар уақыт талабына сай өздерінің ой-санасын бұрмалап еуропалықтарша ойлауға мәжбүр болды. Бұған көрнекі айғақ ретінде қазіргі таңда шығыс халықтарының алыс пен жақынды өз таным-түсінігімен ажыратудан қалып, өздерінің дәл жанындағы өңірді «Қиыр Шығыс» («Дальний Восток»), ал өздерінен тым алыста, батыс елдерімен шектесіп жатқан шалғай өңірді «Таяу Шығыс» («Ближний Восток) деп атап, атау мәнін осы мағынада танып жүргендерін айтсақ та жеткілікті. Бұлайша жасалып жатқан жұмыстардың, бейімделулердің барлығы еуропалықтар үшін дұрыс көрінгенімен, жеке ұлттың таным-түсінігінің кімнің қалқасында өмір сүріп бара жатқандығымен көпшілік қауымның санаса бермейтіндігі шындық.
Аталмыш мақала ұлттық рухты оятады! Ата-бабамыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен аман сақтап қалған кең даламызда тарихтың сан қилы бедерлері мен ұлттық мәдениетіміз, тарихымыздың құнары жатыр. Ел мен жердің өмірін жалғастыратын байлықтарымыз, ұлттың арғы бабасының кім екенін дәлелдейтін тарихи жәдігерлеріміз, ұлан-байтақ сахараның қойнауында сыр мен сынның бүгіліп, көміліп жатқандығын санадан шығармағанымыз абзал. Болашақ ұрпақтың санасына нұр құйып, ұлттық құндыдықтарымызды дәріптеп, ұлт мәдениетін, тарихын таныту – біздің міндетіміз.
Сондықтан да, Тәуелсіздігіміздің тұғырлылығын сақтап, тарихымыздың тамырының терең екенін танытуда Елбасының бұл мақаласы ойға азық, болашаққа бағдаршам іспетті деп айта аламыз!
Гүлжан ӘЛІПБЕКОВА,
Л. Толстой атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі.