Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында қазір, яғни, 2019 жылдың наурыз-сәуір айлары аралығында «Ұлы даланың – ұлы мұрасы» атты көшпелі көрме өтуде. «Есік» қорық-музейі мен «Атамекен» орталығының бірлесе жұмыс атқаруының нәтижесінде ұйымдастырылған көрменің ашылу салтанатына мектеп оқушылары мен арнайы қонақтар қатысты.
Экскурсия жүргізушісі еліміздің тәуелсіздігінің символына айналған, ұлы даланың жеті қырын танытқан бірегей жәдігер – сақ ханзадасы «Алтын адам» туралы көпшілікке мәлім де беймәлім тың ақпаратпен таныстырды.
Көрмеге 1969-1970 жылдардағы археологиялық экспедиция нәтижесінде Есік обасынан табылған сақ ханзадасының жаңғыртпасы қойылды. Алтын адам және оның ғұрыптық жерлеу кешені тарихи құнды деректер ғана емес, бүкіл әлем үшін баға жетпес мұра болып есептеледі.
Көрменің мақсаты Қарасай ауданының тұрғындарын тарихымыздан сыр шертетін құнды жәдігерлермен таныстыру болды. Көрмеде тек алтын адам жаңғыртпасы ғана емес, сонымен қатар, археологиялық зерттеулерге байланысты табылған сақтардың тарихы мен мәдениетін көрсететін түпнұсқалық қыш ыдыстар, құмыралар көрермен назарына ұсынылды.
«Ұлы даланың ұлы мұрасы» атты көшпелі көрменің көркін ашқан тарихи сәттің бірі, Тұңғыш Президентіміз – Елбасының туған жерінде жерлестерімен кездесуімен сәйкес келуі еді. Елбасымен кездесуге келген Қарасай ауданының тұрғындары мен қонақтары орталығымызда болып, құнды жәдігерлермен етене таныса алды.
Көрме ашылғалы бері оны жалпы 4000-ға жуық адам тамашалады.
Б. НҰРБЕКОВА,
«Атамекен» тарихи-мәдени орталығының бас қор сақтаушысы,
А. АВЕЗОВА,
экскурсия жүргізушісі.