11 сәуір күні аудандық орталық кітапханада терроризм мен экстремизм мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары өткен болатын.
Алматы облыстық ішкі істер басқармасының ұйымдастыруымен өткен бұл жиынды аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әмина Абдраманова ашып, оның мақсатын атап айтты.
Жиында ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті академиясының оқытушысы Руслан Асаубаев экстремизм мен терроризмге қарсы қауіпсіздік шаралары жөнінде, электронды көрнекіліктер және нақты мысалдар арқылы әңгімелеп, қазіргі таңда қауіпті жағдайға түсіп қалған жағдайда қандай іс-қимылдар жасау керек екендігіне тоқталды. Оның айтуынша, 2000 жылдардың басында лаңкестік тікелей дінмен байланыстырылған.
– Біз терроризмді дінмен байланыстырғаннан кейін көбінесе жанкештілер сақал жіберген, қысқа балақты киім мен хиджап кигендердің арасынан шығады дейтінбіз. Қазір олай емес. Өзін де, өзгені де өлімге қиятындар басқалардан ерекшеленбеуге тырысады. Сондықтан, жанкештілерді ажырату қиын. Мұндай кезде бізге жаңа технологиялар көмекке келеді. Қауіпті сымсыз байланыстарды тұншықтырғыштар, дыбысты өшіретін, жарылғыш заттарды анықтағыш қондырғылар адам көп шоғырланатын темір жол бекеттері мен әуежайларда орнатылған. Бірақ, ең бастысы, кез келген азамат айналасына мұқият қарап, лаңкестік әрекеттерді, күдікті заттарды байқаса, дереу тиісті органдарға хабарлауы қажет. Біз осылай бірлесе күрескенде ғана қауіптің алдын аламыз, өмірімізді қорғаймыз, – дейді Руслан Айтқалиұлы.
Сондай-ақ, ол күмәнді заттарға тап болған жағдайда, қоқан-лоқы көрсетіп, қоңырау шалса немесе хат жолдаса, жазатайым терроршылардың тұтқыны болып қалғанда қандай әрекеттер жасау қажеттігін жиналған қауымның қаперлеріне салды. Терроршылардың санаға әсер ету құралдары мен формалары және олардың соңғы технологияларды қолдана отырып, үгіт-насихаттарын қалай жүргізетіндіктері жөнінде әңгімелеп, сақтану жолдарын айта кетуді де есінен шығармады. Мұнан бөлек тәкфир, хиджра, жиһад ұғымдары жөнінде кең көлемде түсінік берді. Сонымен қатар, жиынға қатысушыларға террористік және өзге де экстремистік көріністердің алдын алу, анықтау және жолын кесу саласындағы мемлекеттің бірыңғай саясатын насихаттайтын «Халықтың терроризмге қарсы бастапқы дайындығы» атты кітапшалар мен лаңкестер пайдаланатын құрал-жабдықтар көрсетілген жадынамалар таратылды.
Түсіндіру жұмыстарының соңы лектор мен семинарға қатысушылар арасындағы сұрақ- жауапқа ұласты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.