Осы аптаның сейсенбі күні «Nur Otan» партиясы аудандық филиалында аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев қоғамдық қабылдау өткізіп, аудан тұрғындарының мазалап жүрген мәселелер мен салаударға жауап берді. Оған аудандық кәсіпкерлік бөлімінің, жер қатынастары, халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің басшылары мен мамандары қатысып, бірқатар мәселелер талқыланды.
Атап айтар болсақ, қабылдауға келгендер жалпы заңсыз салынған үйлердің құжаттарын қалай заңдастыруға болатының және әлеуметтік жағдайы төмен отбасы жеке кәсіп бастаған жағдайда мемлекеттен қандай көмек көрсетілетіні туралы сұрақтар қойды. Мысалы, Жаңа Шамалған ауылының тұрғыны, желтоқсаншы Түгелбай Ташенов 2011 жылы аудан әкімінің бұйрығымен жер алған, бірақ, қазір сол шешімінің түпнұсқасы жоқ болғандықтан, ол жерді өзіне заңдастыра алмай жүргенін айтты. Бұл мәселені шешу аудандық сәулет және қала құрылысы бөліміне тапсырылды. Ал, Абай ауылынан келген алты баланың анасы Нұржамал Байжанова ұзақ уақыт бойы үй ала алмай жүргенін айтып, жақында пайда болған «Бақытты отбасы» жобасына қалай ене алатыны жайлы сұрады. Бұл ретте «Nur Otan» партиясы филиалының кеңесшісі Ералы Рахметқожаев жауап беріп, бұл бағдарлама критерий бойынша тұрғылықты мекенжайы Алматы қаласында үш жыл тіркеуде болуы керек екендігін айтты. Бірақ, жақындағы өзгерістерге сай аудан әкімдігінде көпбалалы аналар үшін жеке тізім жасалып жатқанын және соған барып тіркелуге болатынын ескертті. Қабылдауда бірнеше ауылдық округтерден көп балалы аналар жақында жарияланған 20 789 теңге көлеміндегі жәрдемақыны қалай алуға болатыны жайлы да сауал қойды. Сондай-ақ, жағдайы төмен отбасы жеке кәсіп бастаған жағдайда мемлекеттен қандай көмек көрсетілетіні туралы да әңгіме болды. Бұған қатысты аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Эльмира Тасырова жауап берді. Оның айтуынша егер көп балалы отбасының жан басына шаққандағы табысы 20789 теңгеден төмен болса, осы 20789 теңге төленеді, отбасының табысын есептегенде мүгедектігі үшін алатын жәрдемақы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» үшін төленетін ақша, стипендия есепке алынбайды. Олар бұған дейін есепке алынып келген» сондай-ақ, алда әр отбасының әлеуметтік картасы жасалады, сол арқылы жанұяның табысы анықталып, қанша жәрдемақы төленетіні белгіленетіндігін айтты. Ал, оны толығымен түсінбеген аналарға бөлімге келіп, толық мәлімет алуларына болатынын да жеткізді. Жеке кәсіп бастау мәселесі бойынша да орталыққа келіп, кәсіпкерлерге арналған үш айлық оқуды оқып, грант алуға және «Даму» бағдарламасы арқылы несие де алуға болатынын айтып берді.
Мұнан бөлек, Кемертоған, Тұрар, Шалқар, Көкөзек ауылдарынан қабылдауға келген адамдардың мәселесі де әңгіме арқауына айналып, тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар берілді.
Жалпы, жиында аудан тұрғындары өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, оларға тиісті бөлімдерден келген лауазым иелері жауап берді. Негізінен көтерілген мәселелер аудан әкімдігінің бақылауында екені және алдағы уақытта бұл көтерілген жайттар өз кезегінде ретімен шешілетіні айтылды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.