XX ғасырдың бірінші жартыжылдығындағы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосовтың атағы тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орта Азиялық аймақта кеңінен белгілі болған. Ірі мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ халқының тарихында терең із қалдырған үлкен тұлғаның туғанына биыл 120 жыл. Сондай-ақ, осындай ардақты азамат дүниеге келген біздің Қарасай ауданына 90 жыл толып отыр.
Осыған орай, жақында аудандық мәдениет үйінде «Жетісудің нар тұлғасы» атты еске алу кеші өтіп, оған мемлекет қайраткерінің ұрпақтары, кітапхана қызметкерлері, Санжар Жандосов атындағы колледждің ұстаздары мен студенттері қатысты. Қалалық №1 кітапхана мен С.Жандосов атындағы колледж ұйымдастырған кештің мақсаты – еліміздің болашағы жастарды Ораз Қиқымұлының өмірбаяны мен қызмет жолдарымен таныстыру, өмірін өнеге ету.
Кештің шымылдығын ашқан С.Жандосов атындағы колледждің директоры Алғатбек Балғабекұлы жазықсыз жаланың құрбаны болған Ораз Жандосовтың өмір-баяны туралы жастарға кеңінен баяндап, оның қазақ халқы үшін жасаған еңбегін ұмытпауымыз қажет екенін айтты.
–Ораз Жандосов мемлекет және қоғам қайраткері ғана емес, ол білімі мол, зерделі зерттеуші ғалым. Өз заманындағы еліміздің әлеуметтік, ауылшаруашылық салаларын терең зерттей отырып, ұлттық мәселелерді шеше білген азамат ретінде де тарихта қалды. Биік мақсаттарды алдына қойған қайраткер тұлға ауыл экономикасын зерттеу жөніндегі үлкен экспедицияны басқарып, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып, елеулі еңбектер жазды. Қысқа ғұмырында «қазағым» деп өткен Ораз Қиқымұлының есімі қазақ қоғамы үшін қашанда қымбат. Біз елге адал қызмет еткен осындай қайраткерлеріміздің жүріп өткен өнегелі жолын әрдайым қазіргі жастарға үлгі етіп, ұмыттырмауымыз қажет, – деді ол.
Еске алу кешінде, сонымен қатар, еліне адал қызмет еткен қайраткердің қазақ халқы үшін істеген еңбектері туралы бейнеролик көрсетілді. Колледж білімгерлері бар-жоғы 39 жас қана өмір сүріп, саналы өмірін қазақ халқының дамуы жолында сарп еткен, 1937 жылы сталиндік саяси репрессияның құрбаны болып, 1938 жылдың 2 наурызында атылған Ораз Жандосовтың өмірін түсініп, түйсінсін деген мақсатпен Жүсіпбек Арыстановтың «Сұңқар да жерді мекендейді» атты кітабынан алынған «Дауылдан соңғы дүрбелең» атты әңгімесінен үзіндіні арқау еткен көрініс көрсетті.
Бұдан бөлек студенттер О. Жандосовқа арналған ақындардың арнау өлеңдерін оқыса, ал, «Гүлнәз» би ансамблі әртүрлі ұлттардың биін биледі. Сонымен қатар, колледж жастары кештің ажарын ашып, әннен шашу шашты. Мұнан бөлек, жиналғандар қоғам қайраткерінің қызметіне ғана тоқталып қоймай, оның адамдармен қарым-қатынасының қарапайымдылығын да, сөзге шешендігін де көрсете білген Құсайынбек Әміровтың Ораз Жандосовқа арнаған арнау өлеңдерін тыңдады.
Ұстаздар мен оқушылардың атсалысуымен өткен бас қосуда Ораз Жандосовтың жақындары оның жақсы қасиеттері, істеген еңбектері, артына қалдырған іздері туралы кеңінен баяндап берді. Аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы да асыл азаматтың өмірі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өсиеттері жайында мазмұнды әңгімелерімен бөлісті.
Жиын соңында Жетісудың нар тұлғасы – О.Жандосовтың ұрпақтары осындай жақсы кешті ұйымдастырып, өздерінің аталарының еңбектерін жас ұрпаққа насихаттап отырған кітапхана қызметкерлеріне және колледж ұстаздары мен білімгерлеріне үлкен алғыстарын жеткізді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.