аутизм жайлы ақпаратты тарату күні аталып өтті
Осы аптаның сейсенбісінде, 2 сәуір – Бүкіләлемдік аутизм жайлы ақпарат тарату күніне орай, ауданымыздағы мүмкіндіктері шектеулі балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын қорғауға арналған «RAKHYM» қайырымдылық қоры мерекелік шара өткізді. Бұл орталық ауыр тағдырларын арқалап келген балалардың денсаулығын педогогикалық-психологиялық тұрғыда қолдауға бағытталған.
…Алатаудың баурайында орналасқан орталықтың таңғажайып көрінісі кіргеннен-ақ көңілге жылылық ұялатады. Ауа райы да бұл күні шуағын шашып, нұрын төгіп тұрғандай болды. Сыңғыр күлкілі сәбилеріміздің барлығы бақытты болуға лайықты.Өкінішке орай, қоғамда өздігінен жүгіріп, секіріп ойнай алмайтын балдырғандар да бар. Ортадан жырақ қалған балалар ерекше күтім мен қолдауға зәру. Кейбіреуі үнемі медициналық қызметкер мен педагогтың назарында болуы тиіс. Ал, арнайы мекемелердің саны шектеулі. Сол себепті біз сөз етіп отырған орталыққа жүктелер жауапкершілік жоғары, сенім де зор.
Шын мәнінде, жинаған қаражатын басқа бизнес көзіне салса тезірек ақтап алатынын білсе де, қайырымдылықпен айналысуды жөн көрген кең пейілді жандардың еңбегі зор. Орталықты ұйымдастырып, жұмысын жүргізуге ұйытқы болып отырған қор кеңесінің төрайымы Раушан Байтанова мен Бекет Әбілов атты құрылтайшылар, міне, солардың қатарынан. Ашылғанына біраз уақыт өткен орталықтың жұмысы бүгінгі таңда қызу жүріп жатыр. Ондағы әрбір жұмысқа ыстық ықыласы мен үлесін қосып, әр баланың жағдайының дұрыс жасалуын өз назарында ұстап жүрген директоры Ұлтай Бархинованың еңбегі зор.
Еңбекке үйрету, тірлікте өз орнын табуға баулу, өмірге икемді жеке тұлға қалыптастыру қажет. Осыған байланысты мұндағы педагогтар да балаға арналған жеке даму бағдарламасын басшылыққа алады. Ата-ана мен педагогтар бірігіп атқарған жұмыстардың нәтижелері де жоқ емес. Қазіргі таңда 40-тан аса бала тегін ем қабылдауда. Мұндағы дәрігерлер, психолог, логопед мамандары 3 пен 18 жас аралығындағы ерекше санаттағы балаларды қабылдауға, әр баламен ерекше жұмыс жасауға дайын. Нәтижелер де жоқ емес. Соның ішінде, ем қабылдау арқылы өз аяқтарына тұрған Ернар Ескерей орталықтың тынымсыз, жүйелі жұмысының дәлелі. Тіпті, ол мерекелік кеште қонақтарға арнап музыкалық сәлемін жеткізді. Яғни, орталық балалардың жанынан табылып, тек олардың денсаулығына ғана мән беріп қоймай, сонымен қатар, өздері қатарлас замандастарымен бірге дамуларына қолғабыс етіп отыр. Анасы Мархабат Өмешкенованың айтуынша, баласының аяқтан тұруына мұндағы ипотерапия әдісі, яғни, жылқыға отыру емі көмектескен. Бауыр еті баласының күн сайын жақсарып келе жатқанын көру қуаныш сыйлайтынын айтып, осы үшін үлестерін қосқан оңалту орталығына да алғысын жеткізді.
Жиынға орталықтағы ем қабылдаушы балалар, олардың ата-аналары мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Қыйлыбаева қатысты. Шара барысында науқас балаларға қуаныш сыйлау үшін концерт қойылды. Олардың көңіл көтеріп, белсенділігін арттыру мақсатында балалармен бірге флешмоб биленді. Бір-бірінен қалмайық деген ынтамен, әрбір қимылына қосылып жатқан балалардың денсаулықтарындағы ақаулары бір қарағаннан байқалмайды. Мекеме жетекшісінің айтуынша, олардың емін-еркін қозғалып, қоғамнан алыстамауына орталықтың көрсетіп отырған көмегі ерек екен. Ал, ортаға шыққан аниматорлар болса қызықты сахналық қойылымдарын көрсетіп, шараға қатысқан бүлдіршіндер сұрақтар қойып, емін-еркін пікір алмасты.
Бұрым ОРЫНБАСАР.