Өткен аптаның соңында, «Жас Отан» Жастар қанатының ұйымдастыруымен, жастар арасында «Nur Otan» партиясының ауыспалы кубогына арналған ХVIІ республикалық пікір-сайыс турнирі өтті. Аталмыш іс-шара Қаскелең қаласында орналасқан Сулейман Демирел атындағы университетінде ұйымдастырылып, оған «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Серік Нұрқадыров, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақшолпан Марат және «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев қатысты.
Жалпы, пікір-сайыс турнирінің басты мақсаты еліміздегі шешендік өнер саласындағы жас қоғамдық саясаткерлерді, пікірталас жүргізе алатын өзіндік көзқарасы қалыптасқан, өз тобының қызығушылығын сауатты аргументтермен қорғай алатын жастарды іздестіру және оларды қолдау болатын. Сонымен қатар, Қазақстандағы пікір-сайыс қозғалысы белсенділеріне ықпалдасу, болашақ ұрпақтың бойында төзімділік пен азаматтық көзқарастарды қалыптастыру еді.
«Nur Otan» партиясының ауыспалы кубогына арналған пікір-сайыс турниріне республикамыз бойынша өңірлік іріктеу кезеңінен өткен 50 адам, яғни, 20 команда келді. Сайыс американдық парламенттік форматта ойластырылып, қазақ және орыс тілдерінде 3-6 бөлім аралығында өткізілді. Ал, топтардың ойыннан ығыстырылуы бірден төрт кезеңінен басталды. Еліміз бойынша іріктеліп келген жастар бір-бірімен «Венесуэладағы АҚШ және оның саяси серіктестерінің іс-әрекеттеріне өкінеді», «Адам құқығы ұлт мәселесінен жоғары», «Қазақ әдебиетінде әлемдік бестселлер болуға лайық шығарманы көрсетеді», «Ауылдық елді мекендерді дамытудың ең тиімді механизімін ұсынады (туындатушы кейс)», «Қоғамдық тамақтану орындарында жас шектеуін енгізеді», «Сұранысы аз мамандықтардың мемлекеттік гранттан алып тастау» және «Жас Отанның үздік облыстық филиалын көрсетеді» тақырыбында пікір таласты. Дебат барысында студенттердің білімділігі, ой өрісінің кеңдігі бірден байқалды. Бұдан бөлек, олардың өз арасында қарсыластарына деген ілтипаты мен сыйластығы да жоғары деңгейде болды. Жастардың ой жүйріктік жарысы екі күнге созылды. Осы уақыт аралығында қазақ тілді командалардың ішінен топ жарып, Шымкент каласынан келген жастар бірінші орынды иеленіп, екінші орын Алматы каласына бұйырса, үшінші орынды Жамбыл облысының пікірсайысшылары қанжығаларына байлады. Ал, орыс тілді топтардың ішінде Акмола облысы жеңімпаз болды. Өздерінің ұтқыр ойлылығымен алға шыққан Алматы қаласының жастарына екінші орын тисе, мәртебелі үшінші орынды Жамбыл облысы дебатшылары алып кетті. Пікір-сайыс үздіктері естелік сыйлықтармен, дипломдармен және «Nur Otan» партиясының ауыспалы кубогымен марапатталды.
Бақдаулет ТАЛИПОВ.