Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жері – Шамалған ауылына келуі айтулы оқиға болды. Ол кісімен жүздесуге жерлестері – шамалғандықтар ғана емес, бүкіл Қарасай ауданы жұртшылығының өкілдері жиналды. Кездесу, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2017 жылы салынған, «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында болды.
Аталған жиын әр-әр жерден «Қазақстан! Нұрсұлтан!» деп көтеріңкі көңіл-күйімен айтылған, жиналғандардың шынайы құрметін шын сездіретін шуақты сөздермен басталды. Халық өз Елбасының келгеніне өте қуанышты екенін осылай білдіріп жатты. Нұрсұлтан Әбішұлы да қарасайлықтарға жүрекжарды тілегін айтты. Өз сөзінде Тұңғыш Президент жүріп өткен жолы мен Қазақстанның жеткен жетістіктері жайында кеңінен әңгімеледі.
– 1958 жылы мен туған Шамалған ауылымнан кетіп, оған 20 жылдан кейін оралдым, – деді Елбасы. – Одан соң 40 жыл үлкен басшылық қызметте жүрдім. Осы жерде менің туғандарым, жақындарым, сыныптастарым қалды. Бұл жас кезіңде аса біліне қоймайды екен, алайда, қазіргідей кезде сол уақытты елжірей еске алу жаныңды ерекше жылытады. Маған қиын болған шақта мен өзімнің Шамалғанымды, қымбат жандарды ойыма түсірсем болды, шаршағандығым алыстайды, келеңсіз сезім кері шегінеді. Сондықтан да мен үшін ең бастысы – туған жерім, яғни, кіші Отаным. Бүгінде біз жоғары көтерілдік, бүкіл дүние жүзіне белгілі болдық. Біздің 170 елмен жақсы қарым-қатынас жасауымыздың сәті түсті. Әрине, тәуелсіздікті қалыптастыру жылдарында қиындық көп кездесіп, біз Қазақстанның өзіне лайықты орнын алуы мақсатында аз күш жұмсаған жоқпыз.
Нұрсұлтан Әбішұлы, сонымен қатар, қазіргі кезде көпбалалы және ерекше қамқорлықты қажет ететін отбасыларына үлкен қолдау көрсетіліп жатқанын әңгімелей келе ештеңе істемей, құр қол қусырып қарап отыратындар болмауы керектігі туралы айтты. Яғни, мемлекетке жөнсіз алақан жая бермей, ерінбей еңбек етуге, орнықты іс-әрекет жасауға шақырды. Сондай-ақ, жарқын болашағымыз үшін білім, денсаулық сақтау, спорт салаларын дамытудың өте маңызды екеніне тоқталды. Ал, жұмысқа орналасу мәселесіндегі проблема жұмыстың жоқтығында емес, мамандардың жетіспеушілігінде жатыр.
Елбасы атап өткендей, бүгінде біз қуатты, индустриальды дамыған мемлекетте тұрамыз. Бұл ретте мысалға, тіпті, өзінің Шамалған ауылын да алуға болады. Қазір мұнда 20 мыңдай адам бар. Бүкіл еліміз бойынша жолдар жөнделуде. Көптеген елді мекенге табиғи газ жеткізілуде. Жақсы өмір сүру үшін барлығымыздың еңбек етуіміз керек, ал, жастар оқуы, жаңа білімді меңгеруі қажет.
Жерлестеріне денсаулық, бақыт, игілік тілегін ол Шамалған ауылының тұрғыны, бала досы Бақтығұлдың зайыбы – Күлзиха Ділдабековамен әңгімелесті. Оның өмірі үзілгенімен, ғұмыр жолын шөберелері Диас пен Айару жалғастыруда екен. Елбасы оларға аталық ақ тілегін арнады.
Ал, Қарасай батыр атындағы орта мектептің екінші сынып оқушысы Арнұр Әкрам болса Нұрсұлтан Әбішұлына арналған өлеңін шабыттана оқыды.
Ағылған ақ тілектер, жылы жүзді қол алысу, Елбасын телеэкраннан емес, тікелей жүзбе-жүз көру – қарасайлықтардың бұл күнін нағыз мерекеге айналдырды.
Кездесу керемет әсерлі, әрі ұмытылмастай болып, жиналғандардың жан-жүрегіне жақсы сезім, мол қуаныш сыйлады.
Келесі кезекте Нұрсұлтан Назарбаев жақын маңда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және Елбасының жеке қаржысы есебінен салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешенінде болды. Бұл жердегі жұмыс аяқталуға жақын. Құрылыс біткеннен кейін ауыл тұрғындары үшін 300 орындық трибунасы бар әмбебап ойын залы, шығыс жекпе-жектері, бокс, күрес және тренажерлік зал, сондай-ақ, жүзу бассейні жұмыс істейтін болады. Осының бәрі де, әрине, ауылдық жерде бұқаралық спортты ұйымдастыру үшін өте маңызды.
Мұнан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы өз өміріндегі айрықша жандармен – балалық шақтағы достарымен, сыныптастарымен кездесті. Бұл да өткенді еске түсіруге, бүгінгі күн туралы айтуға, ертеңге деген үмітті жалғауға, алдағы күндерге сенім артуға берілген мүмкіндік еді.
Атлана ИСАЕВА,
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
Танзиля МҰХТАРОВА.
Суретті түсірген Ерлан ӘЛИАСҚАРОВ.