Ауданымызда наурыз мейрамына арналған мерекелік шаралардың легі әр жерде де жақсы жалғасты. Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы ерекше жиынның бірін «Еламан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Қарлығаш» балабақшасы да ұйымдастарыпты. Күлімдеген көктеммен бірге қазақ даласына келген жаңа жылға арналған концерттік бағдарламаларды тамашалауға бөбекжай әкімшілігі ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі жандарды арнайы шақыртқан екен. Осындай ізгілікті басқосуды өткізу туралы бастаманы аталмыш балабақшаның меңгерушісі Салтанат Рашитқызы көтеріп, ұйымдастырылуына ұйытқы болған.
– Жыл басы Наурыз мерекесінің қарасаңында ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап ақ дастархан жайып құрмет көрсетуді ойладық. Бұл туралы ойымды балабақшаның ата-аналарына айтқанымда олар бірауыздан мақұлдап, қолдауларын білдірді. Негізгі еңбек сол кісілердікі деп білемін. Балабақша ұжымы да ерекше дайындалды. Себебі, осы жиын басқаларынан өзгерек, маңыздылығы мол. Біздің ұйымдастырған басқосуымыз кішкене болса да, көңілі қаяу болып жүрген мүмкіндігі шектеулі жандарға қуаныш сыйлайды деген ойдамын, – деді бөбекжай басшысы.
«Тәрбие – тал бесіктен» демекші, мерекелердің серкесі әз Наурызды өз биігінде қарсы алуда балабақшаның тәрбиеленушілерімен қоса сан салада қызмет етіп жүрген ата-аналары да бірге өнер көрсетті. Қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптеген әрбір топ, бесікке салу, қырқынан шығару, тұсау кесер, байғазы, айтыс өнері сынды қазақтың салт-дәстүрі жайлы мағлұмат беріп, қойылым қойды. Ел болашағы – кішкентай бүлдіршіндердің бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіріп, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызбен сусындатып, үлкенге құрмет көрсете білетін ұлттық рухтағы нағыз патриоттарды тәрбилеуде үлкен үлгі көрсетті. Қатысушылар бала туған кезден басталған, тойға ұласқан игілікті қазақ халқыны салт-дәстүрлерін көрсетті. Мысалы, «Балдырған» тобы баланың дені сау болып өсуіне негізделген ежелгі игі дәстүр «Бесікке салу» рәсімін, шілдеханадан кейінгі қуаныш кеші – қырқынан шығаруды, тәй-тәй басқан бүлдіршіннің тұсау кесер рәсімін көпшілік назарына ұсынды. Ал, «Балауса» ортаңғы мен «Қарлығаш» ересектер тобы «Шық бермес Шығайбай» ертегісі желісіне сахналық көрініс қоюымен қатар, «Айтыс өнері» мен ұмыт бола бастаған «Байғазы» дәстүрі сынды шараларды дәріптеді. Олардың белсене қатысқан елеулі еңбектерін ескере, араларынан ең үздік топқа жүлде табысталды. Сахнада сан құбылған көрініс, әуелеген әсем ән, мың бұрала билеген қыздар жиналған көпшіліктің көңілін бір көтеріп тастағандай болды. Ал, әз Наурызды тойлауға арнайы шақыртылған мүмкіндігі шектеулі жандар қазақтың жаңа жылын керемет көңіл күймен қарсы алып, бүлдіршіндермен балаша қуанды. Олармен мерекелік кешті бірге тамашалаған аудандық «Тірек – М» мүгедектер қоғамының төрайымы Гүлнар Абдуғапова өз тілегін білдірді:
– «Қарлығаш» балабақшасының ұжымына ерекше алғысымызды білдіреміз. Наурыз алдында үлкен сый болып, ерекше әсер алдық. Біздің ұйымдағы тағдыры ерекше жандарға көңіл бөліп, зор ілтипат танытып жатқандарына рахмет!
Мерекелік жиын әрі қарай мүмкіндігі шектеулі болғанымен қоғамның толықтай мүшесі саналатын жандардың құрметіне жайылған ақ дастархан үстінде бас қосып, емен жарқын әңгіме айтып, оларға наурыз көже таратумен жалғасты. Шараның соңы өнерлі өрендердің дайындаған концерттік бағдарламасымен аяқталды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.