Аудан әкімі Жандарбек Далабаев Іргелі ауылдық округі әкімі лауазымына үміткер азаматтарды таныстырды. Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы №148 заңның 36-1 бабына сәйкес Іргелі ауылдық округінің әкімі Қадырбек Атшабаровтың өкілеттік мерзімі аяқталған болатын. Осыған орай, Қарасай аудандық сайлау комиссиясы аталмыш әкімдікке жаңадан сайлауды 2019 жылдың 17 сәуіріне тағайындау туралы шешім шығарды.
Бұл басқосуды, ең алдымен, аудан басшысы таңдалған үміткерлерді Іргелі ауылдық округінің тұрғындарымен таныстырудан бастады. Кандидаттар қатарында үш азамат сайлауға ілінбек. Атап айтсақ, бүгінде өкілеттігі аяқталған осы ауылдық округтің әкімі Қадырбек Әбдібекұлы, одан кейін Жаңашамалған ауылдық округі әкімінің орынбасары Мейірхат Ахметов пен аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айбар Жақанбаев. Бұл азаматтардың еңбек жолы жайлы Жандарбек Ермекұлы ауыл тұрғындарына толық ақпарат беріп, өмірбаяндарымен таныстырып, барлық талаптарға сай екенін жеткізді. Ал, іргелілік тұрғындардың атынан ақсақал Төлеу Тютебаев сөйлеп, үміткерлерге округтің гүлдене түсуі үшін бар күш-жігерлерін салу керектігін айта келе, жұмыстарына табыс тіледі. Одан кейін ауыл тұрғыны Раиса Сағаева, Қадырбек Атшабаровтың жұмысына ризашылығын білдіріп, бірнеше көшені жөндеуге қатысты ұсынысын айтып, ойымен бөлісті. Басқосу соңында аудан әкімі Жандарбек Далабаев алға қойған үлкен жұмыстардың легімен таныстырды.
Бақдаулет ТАЛИПОВ.