Көктемнің көрікті мерекесі – әз Наурызымыз биыл еліміз бойынша әдеттегідей думан-тойға ұласып, ерекше көңіл-күйде өткізілді. Жыл басы болып саналатын Ұлыстың ұлы күнінде өкпе-реніштер ұмытылып, ақ тілектер ақтарылып, табысу, көрісу, сияқты ізгілікті амалдар көрініс табатыны рас. Дәл осындай құтты қадамдармен астасып жатқан мерейлі мереке қасиетті Қарасай жерінде де дәстүрлі түрде тойланып, мерекелік шара жоғары деңгейде атап өтілді.
Салтанатты шарада аудан әкімі Жандарбек Далабаев жиылған көпшілікке ақ тілегін арнап, берекелі Наурыз мейрамының ерекшелігі жайлы сөз қозғады.
– Жер-ананың бастауы Наурыз мерекесі баршаңызға береке әкелсін! Шығыс елдері үшін ерекше мереке болып саналатын бұл күнде игі тілектер айтылып, ырысты ынтымағымыз нығая түсетіні анық. Ұлыстың ұлы күні, халқымыздың жаңа жылы баршаңызға бақыт сыйласын! Сондай-ақ, алдағы ауқымды шараға ұласатын ауданның 90 жылдық мерейтойы да құтты болсын! – деді аудан басшысы.
Жүрекжарды жылы лебізін арнаған соң аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өркендеуі жолында еңбек еткен бірнеше белсенді азаматтарға «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» атағын табыстады. Олардың қатарында «Р-Күрті» ЖШС директоры Сәбетбек Еркінбайұлы, Жаңашамалған мен Райымбек ауылдық окрутері ақсақалдар кеңесінің төрағалары Базаргелді Анисов пен Иманжан Мамыржанов, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Ғалия Аманова, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Василий Тысиков және «Таусамалы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Бауыржан Айнабеков болды
Айтулы күннің есте қалар сәттері мұнымен аяқталған жоқ. Орталық алаңда мерекеге орай түрлі ұлттық спорттық ойындар өткізіліп, шараның көркі қызықты қойылымдармен де жандана түсті. Көптің көңілінен шығатындай мұнда алтыбақан мен батуттар орнатылып, жеткіншектер мен бүлдіршіндердің де жүздері қуанышқа кенелді. Сонымен қатар, стадион маңын айнала қоршаған шатырларда түрлі мекемелер мерекенің символы – наурыз көже таратып, тәттілерін көпшілікке ұсынды. Өз кезегінде аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы мекемелер мен ұйымдардың дайындаған ақ дастархандарынан дәм татып, мерекелік ақ тілегін де білдірді.
Наурыз мейрамы – қазақ елін мекен еткен басқа да этностардың ортақ мерекесі болып саналатыны белгілі. Бүгінгі көрікті мереке қарсаңында бауырлас ағайындар да ұлыстың ұлы күнін шаттық сезімде қарсы алып, жылы лебіздерін жеткізе келе, ауданымыздағы биыл ұйымдастырылған наурыз мерекесін осы орталық стадионда өткізіліп жатқанына қуанышты екендерін жеткізді.
Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, береке мен ырыстың арқауы болған Ұлыстың ұлы күні баршамызға құтты болсын!
Дидар МУХАМАДИЕВ.