Таяуда Қазақстан бойынша ең үлкен SPT тест орталығы ретінде белгіленген ауданымыздың орталығы Қаскелең қаласында орналасқан Сүлеймен Демирел атындағы университеттінің ұйымдастыруымен осы жоғарғы оқу орнына түскісі келетін студенттерге арналған олимпияда өтті.
Бұл SDU Proficiency Test (SPT) 11-ші сынып оқушылары мен колледж студенттері ғана қатыса алады. Оның мақсаты талапкерлерге болашақ мамандығын таңдауға көмектесіп, түрлі деңгейдегі грант пен жеңілдік беру. Жастар жылының аясында ұйымдастырылған олимпиадаға 2170 талапкер қатысып, білім деңгейін көрсете отырып, 300 грант пен жеңілдіктің бірін ұтып алу үшін сынға түсті. Олимпиаданың нәтижесі бойынша Алматы қаласының №34 гимназиясының түлегі Айнұр Жұмалипова 10 мың талапкер арасынан жалғыз өзі 100 ұпай иегері атанып, рекорд орнатты.
Айта кеткен жөн, бұл олимпиада дәстүр бойынша бесінші жыл өткізіліп отырғандықтан биыл ауқымы да біраз кеңейтіп, республика аумағындағы 22 ірі қала мен шалғай аудандарды да қамтыды.
Еліміз бойынша аталған олимпиадаға қатысуға жалпы 11160 оқушы өтініш білдірген. Оның 619-ы онлайн тіркелу барысында, олимпиада шарттарына құжаттары сай келмегені үшін, емтиханға жіберілмеді. Ал, 10535-і емтиxанға қатысуға рұқсат алып өз аймақтарында онлайн режим арқылы тест тапсырды. Ұйымдастырушылар келтіріп отырған статистикаға сәйкес, олимпиадаға қатысуға құлшынысы жоғары қалалардың ішінде Алматы (2170 оқушы) көш бастап тұр.
Сондай-ақ, Шымкенттен 1243, Қызылордадан 847, Астанадан 791 және Ақтау қаласынан 752 талапкер қатысқан екен. Арнайы белгіленген 22 тест орталығына жиналған талапкерлер физика, география, химия-биология, ағылшын тілі, әдебиет, тарих пәндерінен тест тапсырды.
Жеңімпаздар 4 оқу жылына жарамды гранттармен және жеңілдік сертификаттарымен марапатталады. SPT олимпиадасының сертификатын пайдалану үшін талапкердің ҰБТ-дан небәрі 50 ұпай жинауы жеткілікті болып табылады.
СДУ-де өткен олимпияда қорытындысы бойынша 100 ұпай иегері атанған Айнұр Жұмалиповадан басқа 18 бала үздік атанып, жеңіске жетті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.