Аудан орталығы Қаскелең қаласында орналасқан Абай атындағы орта мектеп-гимназиясында «Жаратылыстану пәндерін үш тілде меңгеру – жаһанданған дамудың жолы» атты республикалық семинар өтті.
Осымен аталмыш оқу орнында екінші рет ауқымды деңгейдегі семинардың ұйымдастырылуына ұйытқы болып отырған – Кембридж Университетінің Білім беру факультетімен бірлескен Педагогикалық шеберлік орталығының сертификат иегері, гимназия директоры Тұрсын Сайбырова. Сондай-ақ, ол «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында мектептің инновациялық дамуын басқару» тақырыбындағы директорларға арналған біліктілікті арттыру курсының тыңдаушысы. Семинарды бағалап сараптауға «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы» АҚ филиалының басшысы, ҚР ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институтының «Менеджмент және ақпараттық технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы Кенжегүл Жақсылықова, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Бағлан Қанатқызы және тәжірибе алмасу үшін 14 облыстан мектеп басшылары арнайы келіп қатысты.
Айтулы шара жастар «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығымен бірлесіп үштілділік бойынша пилоттық мектептердің қатарына енген Абай атындағы мектеп-гимназиясында педагог мәртебесін көтеру бағыты мен жастар жылы аясында іске асырылды. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларындағы бабалар мұрасын цифрлық форматта қайта жаңғырту мақсатына негізделген жиынның басында сөз алған мектеп директоры Тұрсын Әділбекқызы өзі басқаратын білім ордасының жетістіктерін тізбектеп айтып, жоғары деңгейдегі байрақты бәсекелердегі алған мәртебелерін слайд арқылы көрсетті. Сондай-ақ, жаңа ашылған робототехника сыныбының жетекшісі оқушылардың құрастырған роботтарымен таныстырды. Одан кейін аталмыш мектептің мұғалімдері физика, химия, математика және ағылшын тілі пәндері бойынша ашық сабақтар өткізді. Ұстаздар өзара тәжірибе алмасып, өз тақырыптарына байланысты білімі мен біліктілігін, шеберліктерін жетілдірді. Сонымен қатар, басқосу барысында Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Серік Қалиевпен кездесу кеші болды. Білім ордасының мәжіліс залы ашық пікір алаңына айналып, оқушылар ақынның өлеңдерін оқып, әндерін орындады.
Өркениетті ұрпақтың санасын жаңғырту жолында зор мүмкіндіктерге жол ашқан жиын әрі қарай Астана қаласындағы Тұңғыш Президенттің алдында ән шырқаған осы білім ордасының оқушыларынан құрылған хордың әнімен жалғасты.
Семинар соңында жоғарыда аталған комиссия мүшелері мұғалімдердін өткізген сабақтарына жақсы деген бағаларын беріп, сабақты жүргізу жоспарына біраз өзгерістер ретінде ұсыныстарын айтты.
Бұрым ОРЫНБАСАР.