Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанындағы республикалық арнайы мониторинг тобы келесі кезекте Райымбек ауылдық округінің аумағында орналасқан тарихи орталықтарды тамашалауға ат басын бұрды.
Олардың қатарында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департамент директоры Арман Бердалин, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанындағы республикалық арнайы мониторинг тобының мүшесі, этно-дизайнер Ырза Тұрсынзада болды. Қадірлі қонақтарды аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова ыстық ықыласпен қарсы алып, мәдени ошақтарды аралауда жол бастады. Алдымен, олар барша әлем басын иген ақ жаулықты аяулы аналарымызға арналған «Анаға құрмет» музейіне бас сұқты. Алыстан келген меймандарды жылы жүзбен қарсы алған мұражай қызметкерлері елімізге танымал апа-әжелеріміздің өмір салты мен тарихы туралы айтып қана қоймай, оларға қатысты материалдар, құжаттар, фотосуреттер, картиналар, тұрмыстық бұйымдарымен таныстырып өтті. Мұнда бір ғана ауыл, ауданның емес, бүкіл Жетісу өңірі тұрғындарының өз ниетімен мұражайға әкеліп тапсырған бұйымдарын көріп, тамашалауға болады. Барлық экспонатты ерекше ынтамен қараған ақын жанды Арман Тілектесұлы, мұражайдың пікір жазу кітабына тебіренісін өлең жолдарымен арнап, қолтаңбасын қалдырды. Сондай-ақ, келгендердің қолында құндақтаулы сәбиі бар ананың көзінде – күннің жылуы, жүзінде – иманның нұры есіп тұрған мұражай жанына орнатылған «Анаға тағзым» ескерткіші сонадайдан көз тартып назар аудартты.
Тарихи естелікке толы ғимаратты аралаған музейден кейін арнайы топтың мүшелері аудандағы «Батыр бабаларға тағзым» мемориалына барды. Ол жақта шайқасты ұрыстар мен ел тағдыры қыл үстінде тұрған алмағайып заманда өзінің ерлігімен талай жаудың бетін қайтарып, ұлан-ғайыр атырапты ұрпағына сақтап қалған атақты хандар мен батырлардың портреттерімен танысты. Әсіресе, музейге енгенде бірден көзге түсетіні – төбесінен бұлтсыз ашық аспан көрінетін шаңырақ астындағы төрт қабырға. Оның ортасындағы жер шарының үстінде сәйгүлік атты тізгіндеген нар тұрғалы батыр қазақ елінің ерлігі мен өрлігін айғақтап тұрғандай әсерге бөлейді. Яғни, баспалдақтармен жылжи отырып, келушілер сақ дәуірінен кеңес кезеңіне дейінгі аралықтың тарихын осы керемет өнер туындылары арқылы көзбен шолып шықты. Музейдің сыртқы бөлігі де өзіндік сыр сақтап тұратын тәрізді, нар тұрғалы батыр қазақ елінің ерлігі мен өрлігін айғақтап тұрғандай әсерге бөлейді.
Мәдени мұралардағы экскурсия аяқталған соң, қонақтар бағдарламаға сәйкес келесі шараға жол тартты.
Бұрым ОРЫНБАСАР.