Жақында аудандық орталық кітапханада, «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай, «Көшбасшы жолы» атты дөңгелек үстел өтті. «Нұр Отан» партиясы аудандық «Жас Отан» жастар қанаты мен аудандық кітапхана бірлесе ұйымдастырған іс-шараның мақсаты – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен еңбек жолын өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау. Сондай-ақ, қазіргі жастарды елін сүйген, елі сүйген Елбасынан үлгі алуға баулу. Дөңгелек үстелге «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы, аналар алқасының төрайымы Ақылия Бекбайқызы, қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Несіпбала Әбділдаева, Қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов, кәсіподақ кеңесінің төрағасы Сағындық Жылқыбаев, «Атамекен» тарихи-мәдени орталық меңгерушісінің орынбасары Қыдыр Нұрғожа, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері мен кітапхана қызметкерлері қатысты. Жиынның модераторы тарихи-мәдени өлкетану музейінің директоры Серік Қалиев: «Елбасы басшылығымен Қазақстан өз мемлекеттілігін барлық нышандары бар, этносаралық және конфессияаралық келісіммен жүз отыздан астам ұлт пен ұлыстың бейбіт өмір сүріп, еңбек етіп жүрген, тең құқылы мемлекет ретінде қалыптастырды. Елімізді тар жол-тайғақ кешудің талай кезеңдерінен сүріндірмей, әлем мойындаған мемлекеттің негізін қалады. Сондықтан елдегі игіліктердің барлығы Тұңғыш Президент, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты» – деп атап айтты.
Келесі кезекте сөз алған Шара Қанатқұлқызы: –Қазақстанның тәуелсіздігі мен Елбасы ажырамас түсініктер екені сөзсіз. Еліміздің болашағы бұлыңғыр болған тәуелсіздіктің ең алғашқы күрделі жылдарында Нұрсұлтан Әбішұлы үлкен жауапкершілікті арқалап, Қазақстанды әлемдік деңгейде танылған, әрі табысты мемлекеттердің қатарына алып шықты. Бүгін, міне, еліміздің қаншама қиындықтарды бастан өткергеніне куә болып отырмыз. Елбасымыз саяси көрегендігі мен көшбасшылық дарындылығының арқасында Қазақстанның көп ұлттық халқының басын біріктіріп, ортақ мақсатқа ұйыта білді. Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауы мен стратегиялық құжаттарының басты тақырыбы еліміз бен өскелең ұрпағымыздың болашағы, Қазақстанның көркейіп, гүлденуіне арналуда. Барлық қазақстандықтар үшін Нұрсұлтан Назарбаев Отаны мен оның мүддесіне қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісі болып табылады, – деді. Ал, Сағат Ұлтарақұлы Тәуелсіздіктің небәрі 25 жылдан астам мерзімі ішінде бағындырған белестеріміз жетерлік екенін айтып, өз ойын былай жеткізді: «Алда алар асуларымыз одан да көп. Бүгінде еліміз дамудың даңғылына түсе отырып, әлемдегі озық елдердің қатарынан ойып тұрып орын алды. Бұл еліміздің биікке өрлеп, бүкіл әлем мойындаған ел болуына аянбай еңбек еткен Елбасының арқасы екені баршамызға аян!».
Сонымен қатар, Несіпбала Әбділдаева, Сағындық Жылқыбаев, Қыдыр Нұрғожа да Елбасымыздың балалық шағы мен өмірбаяны жайлы, оның осынау жетістіктерге жетер жолындағы ерен істері, еліміздің басқа ұлттармен достық қарым-қатынастарын нығайтудағы орасан зор еңбектері жайлы жан-жақты әңгімеледі. Басқосуға қатысқан студенттер де бүгінгі жиын тақырыбы бойынша өздерінің ойларын ортаға салды.
Сонымен қатар, дөңгелек үстелде егемен еліміз туралы өлеңдер оқылып, болашақ ұрпақтың рухани байлығы жайында қызықты және мағыналы пікірлер айтылды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.