Елбасы биылғы жылды Жастар жылы деп атағаны баршаңызға белгілі. Соның аясында өткен аптаның жұма күні біздің ауданымызда да Жастар жылының ашылу рәсімі Сүлеймен Демирел университетінде өтті. Аудан әкімі Жандарбек Далабаев арнайы қатысқан салтанатты жиын өңірдегі спорт жеңімпаздары, үздік студенттер мен білікті жас мамандардың басын қосты. Шара басында аудандық жастар ресурстық орталығының жыл бойы жеткен жетістіктері тізбектелген бейнеролигі көрсетілген соң, сахнаға сан салада еңбектері ескерілген белсенді жастар шақырылды. Әрқайсысы алға қойған жоспарларымен бөлісіп, ізгі ниеттерін де білдірді. Алдымен сөз кезегін бастаған №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қызметкері Эльмира Алпыспаева аудандағы спорт жеңістерін айта келе, осындай жетістіктерге жетуде жас жеткіншектерге зор мүмкіндік туғызып отырған аудан басшылығына алғысын да білдірді. Білімгерлердің қатарынан сөйлеген Қаскелең мәдениет колледжінің студенті Мейрамбек Шелекбаев: «Егер де біз нағыз патриот болсақ, мемлекеттен не аламын деп емес, оған өз қабілетімізбен не ұсынамын деп ойлауымыз керек. Сондай-ақ, мұны тек сөзбен айтып қана қоймай, іс жүзінде анықтап көрсету керек» деп жастарды дұрыс мақсаттар мен міндеттер қойып, алға қарай талпынуға шақырды.
Ал, аудан басшысы жастардың тарапынан ұсыныс-тілектерін тыңдай келе, ауданымызда жүзеге асатын жобаларды алға тартты. Нақтырақ айтқанда, SDU қалашығына қарама-қарсы орналасқан аймаққа үлкен саябақ салынбақ, оның ішінде демалуға арналған орындықтар, субұрқақтар, түрлі әткеншектер және спорт кешені болады екен. Игі бастамалардың қатарын аудандық мәдениет үйінің алаңын қалпына келтіруге әрі жандандыруға арналған өзгерістер толтырмақ. Сондай-ақ, әр саланың мамандары қамтылған жастар орталығына жеке ғимарат тұрғызылатынын айта келе жиналғандарға өзінің ізгі тілегін білдірді.
– Бастамашылдыққа, креативті идеяға ие жас буынның кеңестерін ескеру үшін, жастарды айына бір рет қабылдайтын болдым. Бұл ендігі ретте жарқын істердің жүзеге асырылуына септігін тигізеді деген ойдамын. Тағы бір айта кетерлігі, биыл ауданымызға 90 жыл толуына байланысты 90 іс-шара ұйымдастыру жолға қойылған. Осы жоспарлардың ішінде жастарға да ерекше назар аударылып, бірқатар жұмыстар іске асырылмақ. Қай кезде де жастардан жақсы ой туындап, ізгі бастамалар жасалса, біз қолдауға әрқашан дайынбыз, – деді Жандарбек Ермекұлы.
Осындай ұтқыр ой-пікірлерден кейін, салтанатты жиын әсем әуенмен әрленген концерттік бағдарламаға ұласты. SDU ішінен құрылған «Student camp» өнер үйірмесінің білімгерлері жанды дауыста әннен шашу шашып, көктемдей гүлденген қыздары мың бұрала биледі. Мерекелік басқосудан аудандық мәдениет үйінін өнерпаздары да қалыс қалмай өз өнерлерін көпшілікке тарту етті.
Көңілді кеш одан әрі қарай жасотандықтар ұйытқы болған, қалалық мәдениет колледжіндегі, флешмобпен жалғасты.
Бұрым ОРЫНБАСАР.