Қазіргі кезде егемен еліміздегі ең негізгі саяси күшке айналған «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осыған орай, әрі қоғамдық-саяси өмірдегі аса маңызды да мәнді мәселелерді жан-жақты талқылап, қажетті шешімдер қабылдау үшін 27 ақпанда Отанымыздың жүрегі – Астана қаласында «Нұр Отан» партиясының XVIII съезі өткізілді.
Қазақстанның әр түкпірінен екі мың делегат қатысқан съезде жасаған баяндамасында Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасымыз, партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев партияның осы жиырма жыл ішінде жүріп өткен жолы, атқарған іргелі істері жайында кеңінен әңгімеледі.
Сонымен қатар, ең бастысы, ел дамуындағы 10 негізгі алда тұрған міндеттер туралы жан-жақты айтып берді. Оның ішінде жаңа технологияларды енгізу, өнеркәсіпте еңбек өнімділігін арттыру, цифрландыру, озық бизнес үлгілеріне басымдық беріледі. Сол сияқты азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету, халықтың әлеуметтік әлсіз тұрғындарының баспана жағдайын жақсарту сияқты бүгінгі күндегі ең өзекті мәселелер де бар.
Бұл дегеніміз адамдардың өмір сүру деңгейін арттыру, әлеуметтік қолдауды күшейту, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту деген сөз. Мұндай ізгі істерді үлкен мақсат етіп қою бүкіл халықтың көңілінен шығатыны сөзсіз.
Сондай-ақ, съезде «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасының қабылдануы да көңілге қуаныш ұялатады.
Сонымен, бағыт айқын, міндет белгілі. Ендеше, «Нұр Отан» партиясына іске сәт, дейміз!
Несіпбала ӘБДІЛДАЕВА,
Қаскелең қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.