2019 жылдан бастап жеңілдетілген салық жүйесімен жұмыс жасайтын бизнес өкілдері «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясындағы «қолма-қол ақшасыз экономикаға» көшу мақсатында онлайн кассалық аппаратты орнатуға міндетті. Сейсенбі күні аудандық мәдениет үйінде осы жаңа жүйеге көшуге қатысты аудандық кәсіпкерлік бөлімі өңірдегі кәсіпкерлерге арналған түсіндіру жиынын ұйымдастырды. Оған «Атамекен» ҰКП филиалының директоры Қоныс Юсупалиев пен аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Ғани Малыбаев қатысты.
Басқосу барысында жылдық есептерді электронды түрде дұрыс толтыру туралы мәліметтер де берілді. Арнайы ақпараттарды толықтай облыстық статистика департаментінің өкілдері Гүлнар Қапанова мен Әділжан Әлімов айтып берді. Ал, онлайн кассалық аппараттың тиімділігі мен маңызы жайлы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары ақпараттандырды. Жалпы мұндай бақылау-кассалық машиналар чектегі барлық ақпараттарды автоматты түрде салық органының деректер қорына жіберіп тұрады. Нәтижесінде кәсіпкердің төлейтін міндетті салық мөлшері есептеледі. Бұл көбіне қолма-қол ақшамен жұмыс істейтін бизнес нысандардағы кірістің ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұл онлайн кассалық аппарат кез-келген мобильді қосымшада жұмыс істейді. Егер кассалық аппарат 2013 жылғы болса жаңа онлайн құрылғы сатып алудың қажеті жоқ, тек мамандардың көмегімен кассалық аппаратты жаңартуға болады екен. Ал одан ескі болса, ауыстыруға тура келеді.
Салық төлеушілер бұл жүйеге қатысты сұрақтарын тікелей осы саланың мамандарына қойып, тиісті жауаптарын алды. Сонымен қатар, жиынға осы құрылғыларды яғни кассалық аппараттарды орнататын мекемелер шақыртылып, олар да кәсіпкерлерге өздерінің тиімді ұсыныстары жайлы айтып берді.
Биылдан басталған салық режимін қолданатын жаңа жүйедегі кәсіпкерлер тізімін 2020 жылға дейін шаруа қожалықтары толықтырады.
Сондай-ақ, жиын барысында ойын-сауық кешендерінде, интернет клубтарында, сауда орталықтары және өзге де қоғамдық орындарда қызмет істейтін кәсіпкерлерге ғимараттарында заманауи бейне бақылау камера болу міндеттілігі жөнінде айтылды. Өйткені, ол қазіргі таңда радикалды діни идеологияның және басқа да теріс пиғылды көзқарастардың ықпалына тұрғындар дың ұшырамауына, сақтық шаралардың күшейтілуіне септігін тигізеді. Егер де теріс ағымдағы азаматтарды және соған қатысты заттарды байқаған жағдайда тиісті мекемелерге тез арада хабарлау керектігі де ескертілді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.