Осы аптадағы сәрсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында актив жиналысы өткізіліп, оның барысында Қарасай ауданының жаңа прокуроры таныстырылды.
Жиналысты аудан әкімі Жандарбек Далабаев ашып, прокуратура сияқты қадағалау орган жұмысының маңызы жайында атап айтты.
Келесі кезекте Алматы облысының прокуроры Азамат Сембайұлы Жылқыбаев сөйлеп, ауданға прокурор болып тағайындалған Ғалымжан Шералыұлы Сәрсеновты көпшілікке таныстырды, оның өмір жолы мен қызметі туралы баяндады.
Ғ. Сәрсенов 25 сәуір 1971 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданы, Абай ауылында туған. 1995 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіріп, құқықтану мамандығын алып шыққан. Еңбек жолын Ақмола қаласы прокуратурасында стажер-тергеуші болып бастаған. 1996-2012 жылдары Ақмола облыстық мемлекеттік тергеу басқармасының тергеушісі, Ақмола облыстық ІІД-нің аса маңызды істер бойынша аға тергеушісі, мүлікке қатысты қылмыстар бөлімінің бастығы, Астана қаласы ІІД-нің аса маңызды істер бойынша аға тергеушісі, жеке меншікке қарсы қылмыстар бөлімінің бастығы, анықтау басқармасы бастығының орынбасары, Астана қаласы, Сарыарқа аудандық ІІБ-сы бастығының орынбасары, ҚР ІІМ Тергеу Комитетінің ұйымдасқан топпен жасалған қылмыстар мен аса маңызды істер бойынша аға тергеушісі, Алматы қаласы экономикалық және сыбайлдас жемқорлыққа қарсы күрес Департаментінің сыбайлас және лауазымды қызметкерлер қылмысы бойынша бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығы, басқарма бастығы, транспорттағы қылмыстармен күрес басқармасының бастығы, Шығыс-Оңтүстік аумақтық көлік прокуратурасының тергеу және анықтау заңдылығына қадағалау жасау бөлімінің бастығы, азаматтардың құқықтарының, бостандықтарының сақталу заңдылығына қадағалау жасау басқармасы бастығының орынбасары, ҚР Бас көлік прокуратурасының аға прокуроры қызметін атқарған. 2012-2013 жылдары Қарасай ауданы прокурорының орынбасары болып істеген.
2013 жылдан осы уақытқа дейін Алматы облыстық прокуратурасы арнаулы прокурорлар басқармасының басшысы болған.
Өз тілшіміз.