Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты соңғы Жолдауында сот саласына қатысты бірнеше жобаларды атап көрсеткен еді. Яғни, еліміздегі сот жүйесін жаңғырту мақсатында бірқатар өзгерістердің де керек екенін атап айтты. Соның ішінде сот жұмысының заманауи форматтарын және озық электронды сервистер енгізуді айтуға болады. Осының аясында еліміздегі кейбір аймақтарда сот ішінен қолжетімді қызмет көрсететін фронт-офистер ашылуда. Өткен аптаның жұмасында біздің аудандық сот ғимаратында да қазіргі стандартқа сай «Кедергісіз» құқықтық көмек көрсететін фронт-офистің салтанатты ашылуы болып, оның лентасын аудандық мәслихат хатшысы Айтбай Көшкімбаев пен аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов кесті. Сондай-ақ, бұл іс-шарада құрметті қонақтардың қатарында аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақшолпан Марат, аудандық адвокаттар алқасының басшысы Оңалсын Толқынова және басқа да құқық қорғау органдар мен ұйымдардың өкілдері болды.
Сот ғимараты ішіндегі 60 шаршы метр аумақты қамтитын кеңсе заманауи техникалармен және жайлы жиһаздармен жабдықталған. Мұнда медиатор мен адвокаттардың қызмет көрсететін бөлмелері де қамтылған. Еліміздің әр түкпірінде ашылып жатқан мұндай фронт-офистердің негізгі мақсаты – сотттардың халық алдындағы айқындылығы мен ашықтығын көрсетіп, тұрғындарға оңай, әрі жедел жұмыс атқару.
Ал, аудандық соттың төрағасы Мәди Көшікбаев ашылған фронт-офистің өзіндік ерекшеліктері мен тиімді тұстары да бар екенін айтады.
– Жалпы, сотқа келетін немесе талап-арыздарын өткізетін адамдар әр бөлменің терезесін, есігін қағып жүрмей, осы кеңседе де қалдырып, қажетті ақпараттарын алуға мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар, келушілер үшін арнайы ақпарат орталығы да қарастырылып қойған, – дейді Мәди Жаубасарұлы.
Сот төрағасының айтып отырған ақпарат орталығы – жалпыға бірдей қызмет етеді. Тұрғындар ол жерден заң тұрғысынан кеңес алып, көмектеріне толықтай жүгінуге құқықтары бар. Фронт-офистің осындай қолжетімділігі мен жылдамдығы халық үшін пайдалы қызмет болары сөзсіз.
Дидар МУХАМАДИЕВ.