Ауданымыздың Абай ауылында тұратын Қабдешов Қалиғұмар аға 1940 жылы туған. Ол кісі 1966 жылдан бастап сурет түсірумен тиянақты шұғылданып келеді екен. Жасының ұлғайғанына қарамастан, әлі күнге дейін, қолынан фотоаппаратын тастамапты.
Бүгінде ел-жұрт Қалиғұмар ағаны қазақ фотожурналистикасының тәжірибесі өте мол, өз кәсібіне барынша адал, өзгеге көрсетер үлгі-өнегесі көп, тамаша тағлымды шебері деп біледі десек, артық айтпағанымыз.
Алғашқы тырнақалды суреттері туған өлкесінен алыста, әскер қатарында азаматтық борышын өтеп жүргенде қорғаныс саласының «Красная звезда», «Фрунзевец» газеттерінде жарық көріпті. Өйткені, оның әскерге алынғанда түскен бөлімі ерекше – топографиямен айналысатын, жердің, судың картасын жасайтын бөлім болып шықты. Яғни, сол кезде Кеңес одағының талай жерін аралап, табиғат көріністерін, жер бедерін, әскери өмір суреттерін көп түсірген.
Елге оралған соң, 1966 жылдан бастап аудандық газетте фототілшілік қызмет атқарған. Ал, 1974 жылы Алматы қаласындағы Қазақстан Журналистер одағы жанындағы «Журналист» көркем фотография студиясына алынып, сол жерде ұзақ уақыттар бойы елеулі еңбек еткен. Айтқандай, оның алдында Алматы жоғары партия мектебінің журналистика бөлімін бітіріп, жоғары білім алған еді.
1969 жылдан КСРО Журналистер одағының, 1983 жылдан Халықаралық Журналистер одағының мүшесі болған, одақтық АПН ақпарат агенттігінің, республикалық Қазақ телеграф агенттігінің (Қаз ТАГ) тілшісі болған.
Одақтық, республикалық бірнеше фотокөрмелердің жүлдегері. 1985 жылы Мәскеуде өткен жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестиваліне қатысқан.
«Қазақфильм» студиясы шығарған «Алматы – менің астанам», «Алғашқы ұстаз», «Туған жерімнің табиғаты» сияқты және тағы басқа он диафильмнің авторы.
Қалиғұмар аға, сонымен қатар, театр өнері десе, шын мәнінде, ішкен асын жерге қоятын жан. Әсіресе, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында түсірген жүздеген суреті бар. Олардың ішінен «СССР халық әртістері» (әрине, қазақстандықтар) атты кітап және 50-ден аса спектакльдер бойынша түсірілген суреттерден құрастырылған үш кітап және қазақ театр өнерінің тұғыры биік тұлғалары Асанәлі Әшімов, Әзірбайжан Мәмбетов, Досхан Жолжақсыновтың шығармашылық жолы, өнердегі бел-белестері туралы көркем безендірілген көлемді кітап-фотоальбомдар шығарған.
Ал, 1990 жылы КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов қойған екі сериялы «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» кинофильмінің фотосуретшісі ретіндегі еңбегімен де есімі қалың қазаққа, халыққа кеңінен белгілі.
Егемен еліміз – Қазақстан Республикасының Парламентіндегі Мәжіліс пен Сенаттан да көптеген сурет түсіріп, халыққа қалтқысыз қызмет еткен адал да ардақты азаматтарды газет-журналдар арқылы таныстырғанын да атап айтқанымыз жөн болар.
–1969 жылдың тамыз айы еді, – дейді Қалиғұмар аға өткен күндерді жадында қайта жаңғырта отырып. – Асқар Алтай жеріне КСРО халық әртісі Роза Бағланова гастролдік сапармен келді. Сол жолы біздің Марқакөлде де өнер көрсеткен. Әлемге әйгілі әншіні аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Есләм Кенжин бастаған халық құшақ жая қарсы алған. Сонда атақты «Боран» кеңшарында өткен керемет концертінде де (1-сурет) Роза бұлбұл елдің айрықша алабөтен құрметіне бөленген-ді.
– 1985 жылы Мәскеудегі жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестиваліне бардым, – дейді тағы да Қалекең әңгімесін жайымен жалғастырып. – Оның алдында осыған орай республикалық «Лениншіл жас» пен «Ленинская смена» газеттері әнге, өлеңге, әңгіме, очеркке, фотоочеркке байқау жариялаған болатын. Осы жарыста мен де жақсы танылып, дипломант атанғанмын. Сондықтан сонау одақтың бас қаласы Мәскеудегі комсомолдың орталық комитеті құрметті қонақ ретінде қатысуға маған да жолдама берген.
Сол кезде фотоаппаратымның «қырағы көзіне» түсіп қалған бұл суретте (2-сурет) Мәскеудегі фестивальға барған қазақстандық жастардың бір тобы бейнеленген. Қолына домбыра ұстаған ақ костюм-шалбарлы жігіт – артына өшпестей із қалдырған қазақтың дүлдүл әншісі, марқұм Жәнібек Кәрменов.
– Кешегі Кеңес өкіметі тұсында үлкен мерекелерде барлық қалалардағы, елді мекендердегі орталық алаңдарға мекемелердің, жұрттың шеруге шығатын дәстүрі бар еді ғой, – деді сөз аяғында Қалиғұмар аға. – Мынау сондай кез, Алматы қаласындағы 1 Май мейрамындағы шерудің бір сәті көрсетілген (3-сурет) суреттің бірі.
Бір кездері Қалекеңнің үлкен жиындарда, маңызды бас қосуларда түсірген суреттері, өнер, мәдениет, әдебиет өкілдері бейнеленген суреттері республикалық «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан»), «Казахстанская правда», «Қазақ әдебиеті» сияқты газеттерде және «Мәдениет және тұрмыс» («Парасат») журналында жиі-жиі жарқырай жарияланып жататын.
Иә, Қалиғұмар аға Қабдешов фотосуретшілікті өнер дәрежесіне көтерген егемен еліміздегі шын шебердің бірі, деп аяқтаймыз біз өз әңгімемізді.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.