«Келесі 2019 жылды жастар жылы деп жариялап, іс-шаралар өткізу керек, оған біздің тәжірибеміз бар. Қазақстанның болашағын жастарымызды әр салада қолдауымыз керек», – деген еді Президентіміз халыққа арнаған кезекті Жолдауында.
Елбасының жерлестері, яғни, шамалғандықтар бұл ұсынысты қуана қолдап, оны жүзеге асыруға алғашқылардың бірі болып кірісіп кетті.
Осы мақсатта жуырда Шамалған округіндегі «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында округ әкімі Ержас Тоқтасынов ауылдың белсенді жастарымен жүздесті. Мұндағы бес мектептегі оқушылардың президенттері, екі колледждің белсенді студенттері мен жас мамандар бас қосқан дөңгелек үстел басында Ұлт Көшбасшысының жастарға үлкен сенім артып отырғандығы әңгіме арқауына айналып, Жастар жылында атқарылар ауқымды істердің жоспары талқыға салынды. Жиын тізгінін өз қолына алған Ержас Серғазыұлы Мәңгілік елдің жарқын келешегінің кілті – бүгінгі жастардың қолында екенін әңгіме арқауына айналдырып, сұхбат алаңына жайғасқандарды түгелдей еркін пікір алмасуға шақырды.
Округ басшысының сөзінен кейін қатысушылар тарапынан айтылған ұтымды ұсыныстар мен орамды ойлар аз болмады. Мәселен, Шамалған ауылдық көпсалалы колледжінің Жастар ісі комитетінің басшысы, мұғалім Жібек Аранбаева ауылда еріктілер тобын ұйымдастыру туралы сөз қозғаса, мектеп, коледждерде пікірталас орталықтарын ұйымдастыру қажеттігін қазақ орта мектебі оқушыларының президенті Аманай Шабденов алға тартты. Бұдан бөлек белсенді жастар тарапынан дарынды өрендерді анықтайтын сайыстар өткізіліп, ауыл көшелеріндегі жарнамалық плакаттар ұлттық ою-өрнектерімізбен безендірілсе деген ой-пікірлер де ортаға тасталды.
Сөз соңында округ әкімі кездесуден ерекше рухани азық алып шыққанын, шамалғандық жастардың ел болашағына деген салмақты ойы мен саналы көзқарасына тәнті болғанын жеткізді.
Осылайша шамалғандық өскелеңдер Жастар жылына қатысты іс-шараларды осылай атап өтті.
Өз тілшіміз.