Қарасай ауданымызда тағылымы мол ақ жаулықты аналарымызға арналып бой көтерген «Анаға құрмет» музейінің ТМД елдерінде баламасы жоқ болып есептеледі. Жуырда осы орталықтың мәртебесі одан әрі өсіп, тағы бір дәрежеге ие болды. Атап айтар болсақ, дәл осы музей «КИННЭС» Қазақстан рекордтар кітабы тізіміне енген болатын. Бұл энциклопедиялық басылым 1999 жылы жарық көріп, бүгінгі күнге дейін ең қызықты деген рекордтар тізімін халық назарына ұсынып келеді.
Бүгінгі күні музейде елімізге танымал әйелдерге қатысты 500-ден астам, құжаттар, картиналар, тұрмыстық бұйымдар жинақталған. Олардың арасында түрлі материалдардың түпнұсқалары кездеседі. Оның бірі ХІV-XV ғасырдағы Ресей мемлекетіндегі «Қазан» баспасынан шыққан Құран Кәрім кітабы болса, тағы бірі Әлия Молдағұлованың сұрапыл соғыс кезінде қолданған заттарын айтуға болады.
Қос қабатты ғимараттың жалпы аумағы 750 шаршы метр жерді алып жатыр. Музейді құру туралы бастаманы осы нысанның директоры Бақыт Шпекбаева көтерген болатын. Сол себепті де үлкен жүректі, ізгі ниетті нәзік жанның өз қолымен жинаған экспонаттары ортақ игілікке қызмет етеді. Сондай-ақ, бұл жерде ауылдың қарапайым адамдары ұсынған ұлттық нақышқа толы және өте сирек кездесетін экспонаттар қоры жинақталынған. Олардың бәрі де арнайы тіркеуге алынып, қандай бұйымның кімнен алынғаны, қалай жасалғаны жөніндегі мағлұматтарымен байытылған. Мұнда бір ғана ауыл немесе ауданның емес, бүкіл Жетісу өңірі тұрғындарының өз ниетімен әкеліп тапсырған бұйымдарын көріп, тамашалауға болады. Сонымен қатар, әйел адамның көркіне көрік беретін көне алқа әшекейлердің қаз қалпында сақталуы да баса назар аудартады. Жалпы, құнды бұйымдар жиналған орталықтың жетістіктері жетерлік.
Бір назар аударарлығы, оның жанына орнатылған «Анаға тағзым» ескерткіші сонадайдан көз тартып, кім-кімді болсын өзіне бірден баурап алады. Қолында құндақтаулы сәбиі бар ананың көзінде – күннің жылуы, жүзінде – иманның нұры есіп тұрғандай әсер қалдырады. Ана құдіретіне табынбайтын жан болмайды! Мәңгілік ел болу жолындағы мұндай жарқын бастамалардың шынайы да, жарасымды түрде қалыптаса түскені қандай ғанибет! «Анаға құрмет» музейінің құндылығы да осында.
Мұражайдағы қызметкерлердің айтуынша, олар апа-әжелеріміздің өмір салты мен тарихы туралы әңгімелеп қана қоймай, отбасы құндылықтарына деген құрмет сезімін қалыптастыруға ықпал жасауды өз жұмыстарының басты мақсаты санайды. Тарихи құндылықпен анаға деген құрметімізді айшықтайтын музейдің есігі келем деушілерге үнемі айқара ашық.
Бұрым ОРЫНБАСАР.