Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Төрағасы Алик Жатқамбайұлы Шпекбаев 2018 жылғы 25-26 желтоқсан күндері Алматы облысында іс-сапармен болды.
Ең алдымен, Агенттік Төрағасы облыстың мемлекеттік қызметшілерімен және университет студенттерімен бірге Талдықорған қаласында жаңадан бой көтерген Бикен Римова атындағы драма театрында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы болған оқиға ізімен жазылған «Құлқынның құлы» драмасын тамашалады.
Қойылым соңында көрермендер алдына шыққан Агенттік Төрағасы А. Шпекбаев: «Бүгінгі қойылым сыбайлас жемқорлықтың қаншалықты зардабы көп құбылыс екендігін, қоғамға теріс әсері тиетінін ашып көрсетті. Шеберлікпен сомдалған рөлдер әр адамды ойландырғаны сөзсіз. «Құлқынның құлын» барлық мемлекеттік қызметшілер көруі тиіс», – деп айтты.
Сондай-ақ, театр ұжымына ықылас гүлі мен белсенді өкілдеріне Алғыс хат табыс етті.
«Дені саудың – жаны сау»
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында, «Өзгерістерді өзіңнен баста» кіші бағдарламасы аясында, Алматы облысындағы іссапары кезінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев бастаған делегация облыс орталығында «Жастар» спорт кешеніне ат басын бұрып, ол жерде Алматы облысы әкімі аппараты мен Агенттік командалары арасында волейболдан жолдастық кездесуге қатысты.
Тартысты өткен жолдастық кездесудің қорытындысы бойынша Алик Шпекбаев «Үздік шабуылдаушы» номинациясының иегері болып танылды.
«Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің таныстырылымы өтті
2018 жылғы 26 желтоқсан күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Төрағасы Алик Жатқамбайұлы Шпекбаевтың Алматы облысына ресми іссапарының негізгі кезеңі – «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің таныстырылымы өтті.
Жобаның жаппай еліміздің барлық аумағында жүзеге асырылуы Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында өтуде.
«Жетісу – адалдық алаңы» жобасының миссиясы – сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, жалпықоғамдық төзбеушілік қалыптастыру, Алматы облысының мемлекеттік басқару институтына азаматтардың сенімін арттыру болып табылады.
Жоба аясында облыс әкімдігі ғимаратында арнайы кеңсе ашылып, ол жерде облыстағы орталық мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінен, азаматтық қоғам өкілдерінен құрылған жобалық топтар жұмысын жүргізеді.
Жобаның аясында жүзеге асатын басым бағыттар бойынша топ жетекшілері Алик Жатқамбайұлымен алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісіп, бүгінгі күні қол жеткізген нәтижелерімен таныстырып өтті.
А.Шпекбаев денсаулық сақтау және білім беру, полиция қызметі мен салық саласындағы цифрландыру жұмыстарын тыңдап, оң бағасын берді.
Шара соңында салтанатты түрде Агенттік Төрағасы мен облыс әкімі «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің Жарғысына қол қойды.
Бұдан кейін А.Шпекбаев Жетісу жерінің активімен және қоғам белсенділерімен кездесті.
Кездесу барысында: «Бүгінгі мемлекеттік қызмет инновациялық даму жолында. Мемлекеттік қызметші ел сенімін селкеу түсірмей, міндетін мінсіз атқаруы тиіс. Агенттік тарапынан сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында басты назар олардың салдарын жоюға қойылып отыр. Қылмыстық іс қозғап, қамауға алу – бұл тек бір тұлғаға қолданылатын, реттік шара. Ал, сыбайластықсыз қоғам құрғымыз келсе, бірлесе жұмыс атқарып, жемқорлықтың тәуекелдері мен себептерін азайтып, жоюға ат салысуымыз қажет», – деді ол.
Сондай-ақ, актив алдында Агенттіктің Алматы облысы бойынша Департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев және Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Жазира Жылқышиева да сөз сөйледі.
Денсаулық сақтау саласының қолжетімділігіне баға берді
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Төрағасы Алик Жатқамбайұлы Шпекбаев Алматы облысына ресми іссапары кезінде Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасына барды.
Ол жерде облыстық денсаулық сақтау басқармасы Алматы облысы бойынша Департаметімен бірлесе, азаматтардың денсаулық сақтау саласында кедергісіз қызмет алуы үшін және жайлы жағдай жасау бойынша жүргізілген жүйелі жұмыстар нәтижесімен, атап айтқанда, «Жетісу — адалдық алаңы» жобасын жүзеге асыру аясында медициналық қызметтерді цифрландыру бойынша үлкен жұмыс жүргізілді, олардың арасында келесі жетістіктерімен, оның ішінде Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасында қатерлі ісікті ерте анықтау орталығымен танысты. Орталықтың ерекшелігі – қала мен ауыл арасындағы жол қашықтығы, мамандар тапшылығынан туындайтын онкологиялық ауруларды дер кезінде анықтаудағы кедергінің жойылғандығымен танысты. Алдағы уақытта жағдаяттық орталық халықаралық озық тәжірибелер арқылы аурудың алдын алуға негіз болмақ. Заманауи құрылғымен жабдықталған аталмыш орталық облыстағы 13 медициналық мекемені цифрлық жүйе арқылы біріктірген.
Мұнда компьютерлік диагностика, магниттік-резонанстық томография, рентген, маммография сынды зерттеулердің қорытындылары шығарылады. Компьютер арқылы қатерлі ісіктің алғашқы сатыларын, яғни, 1 миллиметрден бастап анықтауға мүмкіндік мол. Науқас көп уақытын жоғалтып алмауы үшін, тіпті, дәрігерлер смартфон арқылы да тексеріп, көмек көрсете алады.
Салық саласындағы сандық жүйе жағдайы
Өзара тығыз әріптестік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда, азаматтардың, заңды тұлғалардың кәсіпкерлік қызметінде құқықтарын сақтауға ықпал ететін салықтық құқықтық қатынастар, әкімшілік кедергілерді төмендетудің тиімді шараларының бірі — сапалы мемлекеттік қызмет көрсету болып табылады.
Агенттік Төрағасы Алик Шпекбаев Талдықорған қалалық мемлекеттік кірістер Департаментінің осы бағыттағы жұмыстарымен танысты.
Бүгінгі таңда мемлекеттік кірістер органдарымен 48 мемлекеттік қызмет түрлері көрсетіледі, оның ішінде 32 қызмет автоматтандырылған.
Электрондық қызмет көрсету динамикасы да жыл сайын артып келеді. Мысалы, Талдықорған қаласында 2016 жылы көрсетілген қызметтің үлесі электрондық түрде 90,3% құраған, 2017 жылы – 91,5% және ағымдағы кезеңде 2018 жылы – 92,7 % немесе 182 106 қызмет көрсетілді.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын көтеру мақсатында келесі іс-шаралар қабылданды.
— салық төлеушінің терминалы жұмыс істейді, ол жерде «салық төлеушінің Кабинеті» қызметін пайдалана алады, яғни, көрсетілетін қызметтер терминалдарда тегін жүргізіледі;
— қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді, осы жерде веб-камералар орнатылған, ол мониторинг қызметін жүргізуге, қызметкерлердің кәсіби этикасының дәрежесін бақылау, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді;
— модераторлар қызметі, ол салық төлеушілерге жедел консультациялық көмек көрсету, сондай-ақ, нысандардың уақтылы және дұрыс толтырылғандығын тексере отырып, керекті салықтық өтінімдерді ұсынады;
— кезекті электронды басқару жүйесінің қызметі іске қосылған.
Агенттік басшысы мемлекеттік кірістер ұйымында қызметтің қолжетімділігі мен мемлекеттік қызметтің сапасы, сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету мәселелеріне де тоқталып өтті.
Үштөбе қаласы әкімінің тәжірибесі республикаға үлгі болуы керек
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Төрағасы Алик Жатқамбайұлы Шпекбаев Алматы облысына іссапары барысында 2018 жылғы 26 желтоқсан күні мемлекеттік қызметті алушыларға жайлы жағдайлар жасау мен азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында іске қосылған Қаратал ауданы Үштөбе қаласындағы «Сервистік әкімдіктің» жұмысымен танысты.
«Сервистік әкімдік» жобасының қағидалары мемлекеттік қызметтерді көрсететін мекемелерді бір жерде шоғырландыру мен азаматтарға ыңғайлы жағдайлар жасауға негізделген. «Сервистік әкімдік» азаматтармен тығыз байланыста жұмыс жасауға және тұрғындарға қаланың түкпір-түкпірінде орналасқан бөлімдерді іздемей-ақ мемлекеттік қызметтерді бір ғимараттан алуға мүмкіндік береді.
Агенттік Төрағасының аса мән берген тұсы – Үштөбе қаласының жұмыс кабинеті болды. Өйткені, қала әкімі стандартты жұмыс кабинетінен бас тартып, қалалық бөлімдер мамандарымен бірге ашық алаңда орналасқан кабинетке көшкен.
Мұндай көрініске куә болған Агенттік Төрағасы бұл бастама басқа да мемлекеттік мекеме басшыларымен қолға алынуы тиіс деп атап өтті.
Өз сөзінде: «Өзгерісті өзіңнен бастаудың нағыз көрінісі – осы. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қағиданың іс жүзінде орындалғанын көріп тұрмын. Үштөбе қаласы әкімінің тәжірибесі республикаға үлгі болуы керек», – деді ол.
«Сервистік әкімдік» жобасымен танысудан кейін, Агенттік Төрағасы Қаратал ауданының халқымен кездесті.