Жаңа жыл – бүлдіршіндер үшін асыға күтетін мерекелердің бірі. Бұл күнде бала көңілі, әсіресе, Аяз ата мен Қарша қызды күтіп, сыйлық алуға тақпақтарын да дайындап жүреді. Мұндай жарқын кезеңдер балалардың бақытты жүзін одан әрі бал-бұл жайнататыны анық. Осындай қызыққа толы сәттерді, тәтті балалық шақтың шаттығын жандандыру үшін аудан әкімі Жандарбек Далабаев осы аптада шырша мерекесін өткізді. Мерекелік кеш биыл да «Апорт» моллында өткізіліп, әсемдігімен бой түзеген шырша айналасында балдырғандар көп жиналды. Ерекше киім үлгісімен жасанған, қиялдары бір сиқыр болуды сезетіндей балалардың жүздерінде бұл күнді асыға күткендері көрініп-ақ тұр. Ал, аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы жиналғандарға ақ тілегін арнап, Елбасымыз бен облыс әкімі Амандық Баталовтың атынан мерекемен шын жүректен құттықтады. Сондай-ақ, аудан бойынша толық, жартылай жетім, аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан 71 балаға қыстық киім мен тәттіге толы мерекелік сый-сияпатын табыстап, жылы лебізін білдірді. Қызыққа толы мерекелік кеште түрлі ойын-сауық бағдарламалар ұйымдастырылып, маймыл, панда, ит тәрізді кейіпкерлер шырша маңайындағы балаларды шат күлкіге бөледі. Олар әсем әндері мен ерекше билерін тарту етіп, көптен күткен Аяз ата мен Қарша қызды балалардың шақыруымен ортада қарсы алды. Алыстан дорбасымен арбалап келген Аяз ата балаларға асыға жеткенін айтып, Қарша қыз екеуі мерекелік тартуларын паш етті. Сонымен қатар, өз өнерлерін жарыса көрсеткен бүлдіршіндерге тәттілерін үлестіріп, ізгі тілектерін де арнады.
Осылайша, бақытты балалықты байқататын балалардың көңілдері бір марқайып, жадырап қалды. Биылғы жылғы игілікті жаңалықтарымен есте қалған Ит жылымен қоштасып, жақсылыққа жаршы болар деген ниетпен Доңыз жылын да ерекше қарсы алды. Кеш соңында балалар мерекелік көңіл-күймен сауда орталығында тамақтанып, естелік суреттерге түсті.
Дидар МУХАМАДИЕВ.