Ағылшын тілі 21 ғасыр талабы. Бүгінгідей жаhандану заманында көп тіл білетін адамның қоғамда алар орны айрықша. Бұл тілді үйренудің пайдасының ұшан-теңіз екендігін естіп-біліп, куә болып та жүрміз. Тіпті, Елбасымыз өз Жолдауында «Қазақстан бүкіл әлемде үш тілді пайдаланып жоғары білімді ел ретінде танылуы тиіс. Бұлар қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаhандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» – деп айтып өткен болатын. Шет тілдерін үйренуге деген жастардың талпынысы жыл сайын артып, қазіргі таңда елімізде тіл орталықтары мен мектептер көбеюде. Солардың бірі ретінде осыдан алты жыл бұрын Қаскелеңде ашылған «Ces for You» тіл орталығын айтуға болады. Бүгінде орталық жұмысы жүйеленіп, ел арасында танылып та үлгерді. Мысалы, бұл халықаралық ағылшын тілі орталығы өткен жылы «Лидер года-2017» марапатына лайық деп танылса, жуырда «Гордость образования-2018» атағына ие болды.
Халықаралық «IELTS» және «TOEFL» стандарттары бойынша білім беретін орталықтың басшысы Айгүл Тәңірбергенова көп жыл мектепте, университетте ағылшын тілінен сабақ берген тәжірибесі мол басшы. Бірнеше тілге жетік ол жыл сайын шетелге шығып, оқу деңгейін көтеріп, халықаралық сында өзінің де, өз шәкірттерінің де білімін көтерумен келеді. Орталыққа жоғарғы сатылы білім деңгейі бар мұғалімдерді жинаған. Небары алты жыл жұмыс істеген орталық шәкірттерінің алды ағылшын тілінен аса жоғары білім көрсеткішін көрсетіп, Назарбаев университетіне және де басқа шетелдік оқу орындарына түсуде.
— Біздің елімізде ағылшын тілін үйретуді жаңа буын енді ғана жан-жақты қолға алып жатыр. Мұнда, біріншіден – жаһандану, екіншіден – мемлекеттің тілдік саясаты рөл ойнап отыр. Ағылшын тілі ғылым мен мәдениеттің, өркениеттің тіліне айналғандықтан, оған қызығушылық артып келеді. Қазір бізде көбінесе мемлекеттік тілге қарағанда, ағылшын тілін білудің артықшылығы көп болып тұрғаны белгілі. Осы уақытқа дейін оның кең таралмауының бір себебі – білім сапасының төмендігі. Өкінішке орай, мектептерде шет тілінен беретін мұғалімдердің біліктілігі төмендеу болып келеді. Ондай ұстаздар тәжірибесіз етіп дайындап жатқан – жоғары оқу орындары. Кейбір оқу орындары әлі күнге дейін бұрынғыдай сырттай оқу формасын қолданады. Екіншіден, тілді жақсы оқытқан күннің өзінде оны қолданатын, сол деңгейде ұстап тұратын тілдік орта жоқ. Тілді үйренген соң оны күнделікті қарым-қатынаста, мәдениет пен білім саласында пайдаланбаса, ол тез ұмытылады. Сондықтан біз ең алдымен орталығымыздың мамандарына баса назар аударамыз. Жылда оқытушыларымыздың тәжірибелерін көбейту үшін оларды шет елге оқу курстарына жіберіп тұрамыз. Сондай-ақ балаларымыз бір апта бойы өткен тақырыптарын дұрыс бекітулері үшін аптаның сенбі күндері балаларға «English CLUB» өткізіп тұрамыз. Бұл сенбілік балалардың оқу бағдарламасын есте сақтау мен бірге олардың ауызша еркін сөйлеулеріне де көмектесуіне бағыттылған, — дейді «Ces for You» орталығының директоры Айгүл Қанатқызы.
2013 жылы алғаш рет Қаскелең қаласында ашылған бұл орталықтың бүгінде Шамалған, Ұзынағаш, Алмалыбақ ауылдары мен Есік қаласын қосып айтқанда 11 филиалы жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда орталықтарда 117 мұғалім қызмет атқарып, 1500 астам бала білім алуда. Орталықта сегіз жастан асқан балалар ғана білім алалады. «Себебі, бала келешекте ағылшынша еркін сөйлеу үшін ең бірінші өзінің қазақ тілін дұрыс меңгергені жөн», – дейді мұндағы мамандар. Ағылшынша курсқа түсу үшін бала алдымен тест тапсырады. Содан кейін жас ерекшеліктері және тілді игеру деңгейіне қарай топтап оқытады.
Мамандар сабақты бірден ағылшынша жүргізеді, себебі, олардың айтуынша, қазіргі шығып жатқан ағылшынша-қазақша сөздіктердің әлі сапасы төмен. Сондықтан бұл жерде балалар бірден ағылшын тіліндегі сөздіктерді пайдаланып, ауызша сөйлеп үйретеміз», – дейді. Оқу жоспары сегіз деңгейге бөлініп, оқушы ең төменгі beginner деңгейінен бастап, ең жоғарғы business-proficiency деңгейіне дейін оқиды. Бала бірінші деңгейден екінші деңгейге өту үшін емтихан тапсырады. Екінші деңгейден өткен бала орталықтағы үздіктер сыныбы «Көшбасшы» деген топқа ауысады. Бұл топтағы балалар жазғы демелыс айларында ҰлыБритания, Франция мен Малайзия мемлекеттеріне бір айға оқуға барады.
Мұнда оқыту ақысы орташа табысты отбасына ыңғайлы, әрі баланың жасына қарай алынады. Сондай-ақ, жылда аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға 10 грант бөлініп тұрады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.