Жуырда, яғни, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында көршілес Жамбыл ауылындағы Көкбастау ипподромында «Саятшылық» ұлттық спорт түрлерінен «Сонар-2018» деп аталатын Халықаралық жарыс өткізіліп, онда еліміздің бірнеше облысынан бүркіт, қаршыға, ителгілерін ала келген құсбегілер құс салудан бәсекеге түсті. Бұл сынға, сонымен қатар, Италия, Испания, Венгрия, Ресей, Моңғолия сияқты шетелдерден де осы өнерді сүйетіндер қатысып, жарыс көрігін қыздырды.
Алдымен атап айтарымыз, жарыстың жоғары деңгейде өткізілуіне Жамбыл, Қарасай және Іле аудандарының әкімдіктері мен спорт бөлімдері белсенді түрде атсалысты.
Бұрын осы дәстүрлі құс салушылар бәсекесі негізінен Еңбекшіқазақ ауданында өтіп келсе, биыл ақындар мен батырлар елінде ұйымдастырылды. Осылайша «Қансонарда бүркітші шығады аңға, тастан түлкі табылар аңдығанға», деп ұлы Абай ақын жырлаған ұлтымыздың қанына сіңген көне дәстүрдің қызығына бұл жолы Жамбыл жұртшылығы батты.
Ата дәстүрді ұлықтау мақсатындағы қызықты шара Тұңғыш Президент күніне арналды және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында өткізілді. Жыл сайын тамыз айының соңында аталып өтілетін Қазақстан Республикасының Конституциясы күні – Ата Заң күніне орай Президент Кубогы үшін ұлттық ат спорты түрлерінен тұлпарлар додасы өтетін Көкбастау жазығына алыстан ат арытып келгендер жалпы саны 70-тен аса қыранның бабын сынады. Оның ішінде 53 бүркіт, 7 қаршыға, оннан аса ителгі Көкбастау аспанында самғап, кезек-кезек елді қызыққа батырды.
Жарыстың ашылу салтанатындағы құттықтау сөздерінде облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, «Қыран» федерациясы қоғамдық қорының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызы, аудан әкімі аппаратының басшысы Абзал Нұрпейісов, «Саятшылық» Ұлттық спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының бас жаттықтырушысы Күнтуған Базарбек қазақтың жеті қазынасының бірі – қыран құсты халқымыз ежелден жанына жақын еткенін, Ұлы дала еліндегі саятшылықтың тарихы үш мың жылға кететінін, сол дәстүрді жаңғыртып, жастарға саламатты өмір салтын насихаттап, ұлттың асыл мұрасы – құсбегілікті әлемдік деңгейге көтеруді атап өтті. Мұнан кейін Бүркітбай ақсақал көпшілікке ақ батасын берді. Ал, Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданынан атбегі, құсбегі Тәттімбет Кәпұлы ат баптап, қыран ұшырған қазақы қасиет туралы рухты өлең оқыды.
Саятшылар бүркіттің томағасын сыпырып жіберіп, қоянға, түлкіге салды, қолға қондырудан шеберліктерін байқасты. Қаршығаны кептерге салып, ителгіні далбайға ойнатудан сайысқа түсті. Күтіп-бапталған қырандардың ұшқырлығы, аң-құсқа түсу ептілігі, кескін-келбеті табиғат аясында төрешілер сынына салынды. Тазы ертіп, құс салып жүргендердің киім үлгілері қараған көзді тойдырарлықтай келісті болды. Қыраны қырағылық танытқандар іріктеле келе, ақтық сында үздіктері белгілі болды. Жарыс жеңімпаздары құстың үш түрі бойынша анықталды.
Сонымен үш күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша бүркіт салуданІ-орынды Шығыс Қазақстаноблысынан келген Нұғым Өмірбек жеңіп алды. II орынды Алматы облысынан Әбен Дулат, III орынды Жамбыл облысының бүркітшісі Бабажан Бақдәулет, ІV орынды Алматы облысының азаматы Сейітжан Алмас, Vорынды Түркістан облысынан Ұлан Төлемырза иеленді. Қаршыға салу бойынша бірінші орынды Жетісу өңірінің спортшысы Атығай Ерасыл жеңіп алса, екінші орынды түркістандық Махмұтхан Зәки, үшінші орынды Тараз өңірінен Бабажан Берікболсын олжалады.
Ал, ителгі бойынша бірінші орынды Алматы қаласынан Руслан Абыл иеленсе, екінші орынды Жамбыл облысынан Серікболсын Жалғасұлы, үшінші орынды Алматы облысының спортшысы Медет Шарипов қанжығасына байлады.Құсымен мерейі үстем болған жеңімпаздарға кубоктар, дипломдар, медальдар мен ақшалай сыйлықтар тапсырылды.
Өз тілшіміз.