Президент жайлы қызықты деректер мен еңбек жолдарын халыққа бір жыл көлемінде насихаттап келе жатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында Тәуелсіздік күніне және орталығымыздың бір жылдық мерейтойына орайластырылып «Елін сүйген, Елі сүйген Елбасы» атты мерекелік іс-шара өтті. Орталық меңгерушісі ашылған күннен бастап бүгінгі күнге дейінгі аралықта қандай жұмыстар атқарылғаны жөнінде кеңінен айтып, алдағы уақытта да тоқтап қалмай, жаңа жылдық жоспарға тың идеялар мен жаңашылдықтар енгізілетінін атап өтті.
Елбасының сыныптастары, Шамалған ауылдық округі әкімінің орынбасары, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлері, мектеп және музей директорлары қадірлі қонағымыз болып, төрден орын алды.
Келген қонақтар арасында Ділдә Ұланқызы, Серік Мақұлбекұлы, Маржан Жұмабекқызы ыстық лебіздері мен тілектерін білдірсе, Елбасымыздың сыныптасы Күләш Сыбанқұлқызы апамыз өз естелігімен бөлісті және «Атамекен» орталығының іргетасының қалануына өзіндік үлес қосқанын да айтып өтті.
«Атамекен» орталығының салтанатты мерейтойы мерекелік концертпен жалғасын тапты. Ауданымыздың әнші қыздары мен ұлдары, Шамалған ауылының Қарасай батыр атындағы орта мектеп оқушылары өнерлерін көрсетіп, келген қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Елбасымыздың «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы- мен ұштастырып, рухани байлығымызды жаңғыртуға үндеген салиқалы саясатының мақсаты «өткен тарихты» өсіп келе жатқан жас ұрпақтың жүрегі мен санасына мықтап бекітіп, рухани қазынамызды, тарихи құндылықтарымызды өшіріп алмау екені белгілі. Осыған орай, «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы алдағы уақыттада Тұңғыш Президенттің «тайға таңба басқандай» етіп көрсетіп берген бағытын өзіне негізгі бағдар етіп, ізденіс жұмыстарын жалғастыра бермекші.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні құтты болсын! Егемен еліміздің мәртебесі қашанда асқақ бола бергей!
Б. НҰРБЕКОВА,
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының
«Атамекен» тарихи-мәдени орталығының қызметкері.