Жақында аудандық орталық кітапханада аудандық ардагерлер кеңесінің мәжілісі болды. Ел өміріндегі маңызды мәселелерге арналған аталған бас қосуды аудандық қоғамдық Кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов ашып жүргізіп отырды.
Мәжілісте алдымен Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасы», оның ішінде «7-20-25» бағдарламасы талқыланып, бұл жөнінде Сағат Ұлтарақұлының өзі баяндама жасады.
– «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» негізгі мақсаты анық, – деді атап айтқанда баяндамашы. – Ол халықтың әлеуметтік әлеуетін жақсарту болып табылады. Бұл ретте әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемелерін азайту, жоғарғы білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханаларға деген сұранысын қамтамасыз ету, шағын несие көлемін көбейту, сондай-ақ, елді мекендерді газбен қамтамасыз ету ісін жалғастыру жөніндегі мәселелер бүгінгі таңда елдің асыға күткен келелі мәселелері екені даусыз. Осы бастамалардың ішіндегі халыққа ең етене жақыны әрбір отбасын баспанамен қамтамасыз етудің жаңа мүмкіндіктерін беретін «7-20-25» бағдарламасы екендігі де анық. Мамандардың айтуынша, Елбасының жаңа «7-20-25» бағдарламасының тетіктерін іс жүзінде асыру кезеңінен бастап, елімізде жеңілдетілген екі ипотекалық несие жұмыс істейді. Яғни, «Нұрлы жер» бағдарламасының 10 пайыздық жеңілдетілген ипотекалық несие ставкасы және «7-20-25» бағдарламасының жеңілдетілген 7 пайыздық жеңілдетілген несие ставкасы. Тұрғындарға пәтер алу үшін жеті пайыздық жеңілдетілген ипотекалық несие беру нәтижесінде еліміздегі тұрғын үй құрылысын өрістетуге жаңа серпін берілді. Мәселен, қазір мамандардың айтуынша, еліміздегі ІЖӨ-нің 6 пайызы құрылыс индустриясының үлесіне тиетін болса, жаңа бағдарламаның тетіктері бұл үлесті 10-12 пайызға дейін арттыруы мүмкін. Сонымен тұрғындарды қолайлы баспанамен қамтамасыз ету үшін ипотекалық несиенің жалпыға бірдей қолжетімділігін арттыру мақсатында жеңілдетілген жеті пайыздық ставка белгіленді. Осы күнге дейін еліміздегі екінші деңгейлі банктерден 16-17 пайыздан төмен ипотекалық несие алу мүмкін емес еді. Бүгінге дейін банктер бастапқы жарна үшін баспана құнының 30 пайызынан жоғары алып келсе, жаңа бағдарлама бойынша ол 20 пайызға түсірілді. Несие төлеудің мерзімі 25 жыл. Бұл орташа жалақымен күн көретін жас отбасыларының қолжетімді баспаналарға ие болуы үшін жасалған үлкен мүмкіндік. Аталған бағдарламаның негізгі тетіктерін жүзеге асыру үшін екінші деңгейлі банктердің жалпыға бірдей түсіністікпен жүйелі жұмыс істеуі қажет.
Келесі кезекте Сағат Ұлтарақұлы жиналғандарға мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жайында да жан-жақты айтып берді.
– Президенттің бұл ерекше еңбегін бұрынғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен үндес, сабақтас деуге болады, – деді С.Мәсімақынов. – Мұнда қасиетті Ұлы даланың жеті қыры атап көрсетілген. Олар – атқа міну мәдениеті, Ұлы даладағы ежелгі металлургия, ақ стилі, алтын адам, түркі әлемінің бесігі, Ұлы жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны деп жіктелген. Осылайша Елбасы тарих тереңіне үңіліп, арғы ата-бабаларымыздың әлемдік мәдениет пен өркениетке қосқан үлесін атап айтқан.
Мұнан кейін Елтай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалида Қосшығұлов, аудандық әжелер алқасының төрайымы Ақылия Бекбайқызы, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы және т.б. сөйлеп, осы екі мәселе жөнінде де ой-пікірлерін ортаға салды, ұсыныс-тілектерін айтты. Қазақ елін кемел келешекке бастап бара жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара да салмақты саясатын толық қолдайтындықтарын білдірді.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.