Жас ұрпақтың бойына адамгершілік, ізгілік, қайырымдылық сияқты асыл қасиеттерді дарыту мақсатында ауданымызда көптеген іс-шаралар өтеді. Соның бірі жуырда Алтын ауыл орта мектебінде ұйымдастырылып, оған үлкен отбасының, жартылай жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар шақыртылды.
Жалпы, аудандық білім бөлімінің бастамасымен өткен «Жүрек жылуы» атты қайырымдылық іс-шарасында алғашқы сөз аталмыш мекеме басшысының орынбасары Әсет Нұрекеновке берілді. Ол жылы лебізін білдіре келе, ауданымыздағы жаны жайсаң, жүрегі мейрімге толы қамқоршыларды, сондай-ақ, әрдайым жақсылық жасауға дайын тұратын мейірімді азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады. Мұнан соң, Алтынсарин, Қосынов және мәдениет бөлімінің талантты өнерпаздары концерт бағдарламаларын көрсетіп, көрермендердің көңілін жадыратты. Бұл іс-шара мұнымен ғана шектелмей, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жартылай жетім мен әлеуметтік жағдайы төмен балаларға әртүрлі сыйлықтар мен азық-түлік себеттері табысталды.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.