1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні барша қазақстандықтар үшін айтулы мерекелердің бірі. Өткен аптада осы атаулы күнге орай Елбасымыздың туған жерінде орналасқан «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында алқалы отырыс болды. Оны «Қарасай аудандық білім беру қоры» КҚ Алматы қаласындағы ҚР Сыртқы істер министрлігі өкілдігімен, «Алматы» Дипломатиялық клубымен және аудандық әкімдікпен бірігіп, ұйымдастырды. Қарасай жеріне арнайы жұмыс сапармен келіп, жиынға қатысқандардың арасынан құрметті меймандардың қарасы аз болмады. Олардың ішінде Ресей, Қытай, Литва, Венгрия, Әзербайжан мемлекеттерінің Бас консулдары, АҚШ, Польша, Түркия, Ұлыбритания, Ауғанстан, Хорватия, Болгария, Австрия, Чехия елдері мен БҰҰ-ның дипломаттары, сондай-ақ, қонақтар арасында ҚР Дипломатиялық қызметкерлерінің ардагерлері, Қазақстан журналистер Академиясының басшылары және тағы басқа шетел инвесторлары да болды.
Аудан әкімі Жандарбек Далабаев келген қонақтарды «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында қарсы алып, ғимарат ішіндегі экскурсияның басы-қасында жүрді. Елбасымыздың өмірі мен қызмет жолынан сыр шертетін баға жетпес мұралар дипломаттар үшін тың дерекке айналды. Меймандардың мұражай ішіндегі саяхатының соңы дөңгелек үстел басындағы ашық әңгімемен жалғасты. Аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы жиынға өзі төрағалық етіп, сөз басында отырысқа қатысушыларды келе жатқан Тұңғыш Президент күнімен құттықтады. Сондай-ақ, ауданның жеткен жетістігі жайлы ақпарат беріп, қысқаметражды бейнеролик арқылы өңірдің тыныс-тіршілігін таныстырды. Алғаш сөз кезегі Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің төрағасы Руслан Бөлтіріковке берілді. Ол киелі Қарасай жерінің өркендеуіне, өсуіне деген жылы лебізін білдіріп, жақында атап өтілетін Тәуелсіздігіміздің 27 жылдығымен шын жүрекпен құттықтады. Ал, «Алматы» дипломатиялық клубтың төрағасы, әрі Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас Консулы Чжан Вей былай деді: «Менің бұл өлкеге алғаш аяқ басуым. Алдымен барлықтарыңызды алда келе жатқан 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күнімен және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын! Мен үшін Елбасымыздың туған жеріне келіп, осындай керемет тарихи орталықпен танысу үлкен мәртебе. Аудан әкіміне және құрметпен күткен қарасайлықтарға ерекше алғысымды айтамын». Сондай-ақ, басқа да шетелдік меймандар жеке-жеке сөз алып, Елбасымыз жайлы тұщымды ойларын ортаға салды.
Өз сөзінде аудан әкімі Жандарбек Далабаев келген қонақтарға ерекше алғысын айтып, инвесторлар тарабына жақсы жаңалығын да жеткізді: «Жалпы, біздің аудан табыс пен жетістіктің өңірі болып табылғандықтан, инвестиция саласын дамыту мақсатында келесі жылдың сәуір айында болатын инвестфорумға баршаңызды шақырамын», – деді.
Жиын соңында келген қонақтар қарасайлықтардың қонақжайлылықтарына өз ризашылықтарын білдірді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.