Елбасы халықтың әлеуетін, тұрмыс жағдайын, тыныс-тіршілігін жақсартуды үнемі назардан тыс қалдырған емес. Тұрғындардың бақуатты өмір сүру деңгейін арттыру мақсатында қаншама игі істер мен Заң жүйелері енгізгені тағы бар. Оның ішінде Президентіміздің халық назарына ұсынатын Жолдаулары жақсы жаңалықпен аталып өтіледі. Халық та оны аса ыждағаттылықпен күтетіні белгілі. Мәселен, жақында ғана «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Елбасы Жолдауы қалың көпшілікке арналды.
Иә, мазмұны мен мәні зор бұл Жолдауды дәріптеп, түсіндіру жұмыстары барлық саланың қызметтеріне міндет болып саналады. Осыған орай, сәрсенбі күні ауданымызға қарасты барлық ауылдық округтер мен қаламызда Президент Жолдауын насихаттау жұмысы жүргізілді. Оны іске асыру барысында аудан әкімінің орынбасарлары, сондай-ақ, қала, округ басшыларының төрағылығымен 90 адамнан құралған 18 топ ұйымдастырылды. Солардың бірі – аудан әкімі орынбасары Айжан Назарбаеваның басшылығымен Қаскелең қаласындағы жиналысқа қатысты. Абай мектеп-гимназиясында өткен отырысты Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев өзі модератор ретінде жүргізіп отырды. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Елбасы Жолдауын талқылауға атсалысу үшін қала тұрғындары, балабақша қызметкерлері, кәсіпкерлер, колледж және мектеп ұжымдары да болды.
Алғаш сөз кезегін алған аудан басшысының орынбасары Айжан Нұрділдәқызы Жолдаудағы тиімді бағыттарды түсіндіріп, оның ішінде мектеп ұжымына қатысты «Педагог мәртебесіне» кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, ұстаздар қауымынан Абай мектеп-гимназиясының мұғалімі Эльмира Есмұратова мен ардагер оқытушы Несіпбала Әбділдаева сөз сөйлеп, Елбасының ұсынған Жолдауындағы барлық салаға қатысты пайдалы жұмыстарды ашып айтты.
Жолдау насихатын жүргізетін келесі топ қаламыздағы Алтын ауыл орта мектебінде өткізілген басқосуға белсене атсалысты. Бұл жолғы айшықты ойларын ортаға салып, көппен бөлісуге келген құрамның басшылығына қала әкімі Асқар Өкенұлы өзі жауапты болды. Әдеттегідей, Елбасының Жолдауындағы жүйелі бағыттар мектеп ұжымына тереңінен түсіндірілді. Топ құрамының мүшелері мен тыңдаушылар арасында сан сауалдардың төңірегінде пікір алмасулар да болды.
Біз айтып отырған бұл игі бастамалар аудан арасында әлі де жалғасын таба бермек. Өйткені, әрбір қазақстандық үшін Жолдаудың жоспарлы жұмысы барлығына да қатысты.
Дидар МУХАМАДИЕВ.