І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттері «Елбасы жолы» атты танымдық-тарихи саяхатына аттанбақшы. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ЖМУ-дың тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі бөлімнің бас маманы Еркебұлан Немелбаев баяндап, шараның бағдарламасымен таныстырды.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған экспедиция жастарды Нұрсұлтан Назарбаевтың туып-өскен жерімен таныстыруға мүмкіндік береді. Сол себепті де ол «Елбасы жолы» деп аталды. Іс-сапар алты бағыт бойынша жүзеге асырылады. Алдымен, Қарасай ауданы, Райымбек ауылдық округінің «Анаға құрмет» мұражайымен танысамыз. Содан кейін, Қарасай ауданындағы бірқатар тарихи орталықтарға, Наурызбай мен Қарасай батырлардың ескерткіштеріне, Елбасы оқыған мектепке және «Тұңғыш Президент» саябағына барамыз. Бұл біз ұйымдастырған соңғы танымдық саяхат емес, алдағы уақытта әлі де мұндай іс-шаралар жоспарда бар.
Сонымен қатар, жиын соңында Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Арнай Байжұрынов комитеттің жұмысына шолу жасап, оның университет өмірінде алатын орны туралы айтып өтті.
-Бәріңізге белгілі, Ұлт Көшбасшысы алдағы 2019 жылды «Жастар жылы» деп атап көрсетті. Бұл жастардың бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған шараларды жүзеге асырып, оларға жан-жақты қолдау көрсетуге септігін тигізеді. Осы орайда университеттің белсенді жастарының қатысуымен экспедицияға аттанбақпыз. Жастар ісі жөніндегі комитет білімгерлердің университет өміріне белсенді араласып, қоғамдық өмірмен байланысын қамтамасыз етеді. Келер жылы университетімізде бірқатар жұмыстарды жүзеге асыру жоспарда бар. Оның ішінде 250 орындық, заманауи талаптарға сай жатақхана салынбақшы. Сондай-ақ, жастардың саламатты өмір салтын ұстануына ықпал ететін жабық жүзу бассейнінің құрылысы басталды. Алдағы жылы Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, білім алушыларға тегін қызмет көрсететін Жастар медициналық орталығы ашылады. Біз жастар тарапынан әлі де көптеген бастамаларға себепші боламыз,-дейді ол.
Айта кету керек, аталған саяхатқа Жетісу мемлекеттік университетінің ең үздік 14 студенті таңдап алынған. Экспедиция аяқталған соң, олардың қатысуымен алдағы уақытта университет қабырғасында кездесу ұйымдастырылып, саяхаттан алған әсерлерімен бөлісетін болады.