Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және оның іске асырылған мақсат-мүддесін халық арасында кеңінен насихаттау үшін жуырда «Рухани керуен» жобасына қатысушылар Райымбек ауылдық округіне ат басын тіреді. Осы орайда, аудандық әкімдіктің ұйымдастыруымен ақпараттық түсіндіру тобы мүшелері Райымбек ауылдық округіндегі Абай ауылындағы №2 орта мектепте «Діни сауаттылықты арттырып, рухани байлығымызды дәріптейік» атты дөңгелек үстел өткізді.
Оның барысында қазақ халқын дәстүрлі ислам дінінен алыстатуға бағытталған теріс бағыттар кең етек жайғандығынан қоғамда әртүрлі негізсіз пікірлер пайда болып, адамдардың жат ағымға еріп кететіндігі жайлы жан-жақты айтылды.
Кездесуді Райымбек ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Жәнібек Базарбаев ашып, жүргізді. Басқосуда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің мәдениеттану және дінтану кафедрасының доценті Бағдат Бейсенов, жыршы, термеші Әбіш Әділбеков, мешіт имамдары, теологтар қатысып, өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, «Білім алудың артықшылықтары», «Теріс діни ағымдар, экстремизмнің алдын алу» тақырыптарында баяндамалар оқылды. Сонымен қатар, мамандар жастарға қоғамдағы теріс пиғылды діни ағымдардың жетегінде кетіп қалмауы, діни сауаттылықты арттыруы, діни ғибадаттарды әдепсіздік көрсетіп, әртүрлі жерде орындауға болмайтындығы туралы мағлұматтар берді.
Дөңгелек үстел барысында осы жайларды мәлімдеген Б.Бейсенов дәстүрлермен өрілген теңдессіз ділімізді, ұлттық болмысымызды, салт-сана, әдет-ғұрпымызды қадірлеп, оны ұрпақтан-ұрпаққа аманаттау парыз екендігін атап айтты. Жиын соңында ғалым мен өнер иесі жиынға қатысып отырған дінтану пәнінің мұғалімдері мен ата-аналардың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.