Өткен сәрсенбіде, Қаскелең қаласындағы, Шамалған, Жамбыл ауылдық округіндегі сайлаудың қорытындысына сәйкес, аудан басшысы Жандарбек Далабаев өзінің өкімімен жаңа әкімдерді тағайындады және сол күні оларды жергілікті қоғамдастық пен әкімдік аппараттарына таныстырды. Округ әкімдерінің әрқайсысы мемлекеттік қызметте тәжірибесі бар, әрі аймақтардағы өзекті мәселелерді дұрыс шешудің қандай жауапкершілік жүктейтінін жақсы біледі.
Алдымен, Шамалған ауылының мән-маңызын ескере отырып, өздерінің жаңа әкімімен Президенттің ауылдастары танысты. Бұл лауазымға тағайындалған Ержас Тоқтасынов бұрын бір жылдан аса Бірінші Май ауылдық округін әкім ретінде басқарған. Осы қысқа уақыт ішінде ол өзін жауапты әрі сауатты жетекші ретінде көрсете білді.
Қаскелең қаласының әкімі болып, осы кезге дейін Қарасай ауданы әкімі аппаратының заң және мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы қызметін атқарған, Асқар Мұқашев тағайындалды (суретте). Жергілікті қауымдастыққа таныстырылғанда оның өз ісінің кәсіби шебері екені, жұмысты жүргізе білетіні атап айтылды.
Жамбыл ауылдық округін басқару, елмен жұмыс істеуде тәжірибесі бар, Тұрарбек Ташовқа жүктелді. Ол бұрын екі жылға жуық Шамалған ауылдық округі әкімінің орынбасары болған.
– Әрдайым халыққа жақын болып, олардың сенімін ақтау керек. Проблемалар мен түйінді мәселелерге жедел көңіл бөліп, олардың шешу жолдарын орнықты таба білу қажет, – деп атап көрсетті жаңа әкімдерге Жандарбек Ермекұлы. Округ ақсақалдарының тілегі де осыған саяды.
Өз тілшіміз.