Бизнес қашанда өзі жұмыс істейтін аумақтың тұрақты дамуына мүдделі. Бұл ретте тілге тиек етер «Игілік и К» жауапкершілгі шектеулі серіктестігі құрылыспен айналысады. Компанияның негізгі басымдылық берілетін бағыттарының бірі – әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру. Облыс көлемінде ірі істерді игеріп жүрген мекеме міндеттерін бұлжытпай орындаумен қатар, ең алдымен сапаға мән береді. Осы ауқымы үлкен саланың серпінді дамуына да өзіндік қолтаңбасын қалдыруда.
Расында да, кез келген алдыңғы қатарлы елдің әлеуетін айқындайтын – қарқынды дамыған құрылысы. Бүгінгі таңда заман талабына сай үлгілермен салынған құрылыс кешендері аймақтың айбынын арттырып, сымбатына сән қосып, өңірдің өсіп-өркендеуіне жаңаша серпін беруде. Бұл ретте, еліміздегі құрылыс саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген компаниялар да баршылық. Солардың бірі 1998 жылы құрылған «Игілік и К» ЖШС-нде болып құрылған бүгінде 50-ге жуық адам істейді. Сонымен қатар, маусым сайын құрылыс нысандарында 150-200-ге жуық адамға жұмыс атқаруға мүмкіндік туғызады екен. Тәуелсіздік жылдарынан бері құрылыс саласының бел ортасында жүрген, әлеуеті жоғары компанияның елге қызмет еткеніне биыл – 20 жыл.
Өз өмірінің ғана сәулетшісі емес, тұтас елдің өміріне әсер еткен компания басшылығы мен құрылысшылардың еңбегі көзге жылы ұшырайды. Сапалы маманды таңдау, тани білу келбеттегі емес, көкіректегі көздің ашықтығынан. Құрылысты қиыннан қиыстырып тұрғызу – шын шебердің ісі. Компания құрылтайшысы Кенжеғали Игіліков нағыз білікті басшы. Себебі, серіктестік директоры алдымен адамның іскерлігі мен адалдығына мән беретінін айтады. Сонымен қатар, сметалық жобалауда көрсетілгеннен, жоспардан бөлек объектінің бірінші қолданушыларына ыңғайлы болғанын қарастырады екен. Тапсырыс берушінің басшылығымен ақылдаса отырып, өзгеріс енгізетін тұстары да кездесетін көрінеді. Мемлекеттік әлеуметтік жобалардың ішінде оқу орындарының салынуы мен жөндеу жұмыстарына үлкен мән беріледі. Соңғы жылдары тендерлі келісімшарт арқылы «Игілік и К» компаниясы мектептер мен балабақшалар салуда. Биыл, аудандағы Алмалыбақ ауылындағы мектеп-гимназиясында (суретте)жөндеу жұмыстарын атқаруда. Бұйыртса, биылғы оқу жылының басталғанына дейін өткіземіз, деп отыр. «Елбасының туған жерінде жұмыс істеу біз үшін мәртебе», – деген компания басшылығы, бұл ғимараттың жөнделуіне үлкен құлшыныспен кіріскен. Тек сыртқы ауласына асфальт құйып, мектептің сыртқы қабырғасын сырлау ғана қалды. Бұған дейін, аталмыш құрылыс компаниясы көршілес Жамбыл ауданындағы Жаңақұрылыс ауылында 600 орындық, Ақсеңгір ауылында 450 орындық мектеп салған. Тек білім саласын ғана емес, басқа салаларды да қамтып, Талғар ауданында «Халыққа қызмет көрсету орталығын», Сарқанд ауданында перзентхананы пайдалануға берген . Бұл тек соңғы жылдарда ғана жұмыс істеген жерлері. Еңбегі өтіп, бүгінде халыққа қызмет көрсетенін бұдан басқа қаншама ғимараттары бар!
Құрылыс мекемесінің басшысы Кенжеғали Кәкенұлы Игіліков 1958 жылы Алматы облысы Ақсу ауданы Көкжиде ауданында дүниеге келген. 1982 жылы кейіпкеріміз жары Зәуремен шаңырақ көтереді. 1985 жылы Алматы қаласындағы Қазақ бас сәулет академиясын өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс мамандығы бойынша бітіреді. Дипломын қолына алмастан-ақ қиын кәсіптің бел ортасына кіріп кеткен жас студент, бүгінгі күндері басшылықта отырамын деп ойламаған да еді. Ол отбасылы болған әртүрлі құрылыста жұмыс істейді. Оқу бітіргеннен кейін біраз тәжірибе жинақтап, «Алматыжилстройда» қарапайым маман болып еңбек жолын бастайды. 1985 ХРСУ «ГорЖилУправление», 1988 жылы ҚазССР Денсаулық сақтау министрлігінің құрылыс-монтаж басқармасында, 1989 жылы- «СМУ-7 «Алмаатажилстройда» прораб болады. 1993 жылы «Игілік» АҚ директордың орынбасары, 2004 жылы «Игілік», 2006 жылы «Достар Сервис KZ» ЖШС-лерінде директор болады. 2010 жылдан бастап «БАТТ Строй», «Игілік и К» ЖШС-лерінде директор.
Бүгінде серіктестіктің жұмысы – отбасылық бизнес. Ұлы Дастан Игіліков «Игілік и К» ЖШС директорының орынбасары. Бұл ел үшін аса қызық тақырып. Алайда, жұмыстың алға басуына шын жанашырлық пен іскерлік керек екені айтпаса да түсінікті. Айталық, әлемде шағын және орта бизнестің көпшілігі отбасылық келісімшарт бойынша іс жүргізеді.
Бұрым Орынбасар.