Өз жұмысын 2003 жылдан бастаған «Құрылысшы — ТБС» ЖШС құрылыс компаниясы осы уақытқа дейін тек Жетісу жерінде ғана емес, көршілес өңірлерде де мемлекеттік тапсырыстарды сәтті орындап, абырой биігінен көрініп жүр. Серіктестік еншісінде 50 000 шаршы метрден астам тұрғызылған және күрделі жөндеуден өткен аумақтар бар. Ал, компания жүзеге асырған жобаларға өндірістік нысандар, әкімшілік ғимараттар, тұрғын үйлер, аурухана, мектеп, балабақшалар жатады.
Мекеме басшысы Тоқтаев Батырхан Сыдықұлының айтуынша, қазіргі таңда мұнда 360-қа жуық адам еңбек етуде. Олардың күшімен ауданымыздағы Абай ауылындағы орта мектепке 600 орындық жапсаржай салынуда. Бұдан бөлек, облысымыздағы Сарқанд қаласында да осындай білім ордасының қабырғасын қалап жатқан компания таяуда ғана Ұзынағаш ауылындағы Жамбыл атындағы кәсіптік-техникалық колледжіндегі күрделі жөндеуді аяқтаған.
Бір айта кетерлігі, серіктестік құрылтайшысы үшін биылғы жыл жетістіктермен қатар, мерейтойға толы екен. Олай дейтініміз, «Құрылысшы — ТБС» ЖШС ашылғалы 15 жыл мерзім өтсе, Батырхан Садықұлының бұл салаға қадам басып, қара тер мен адал еңбегінің арқасына алға басқанына да, міне, жарты ғасырдың жүзі болыпты.
– Мен өзім Көксай ауылында туып-өстім. Алматы политехникалық институтын бітірген соң, еңбек жолымды 1968 жылы «Южный СМУ» құрылыс мекемесінде қатардағы жұмысшы болып бастадым, – дейді іскер азамат бізбен әңгімесінде. — Кейіннен шебер, прораб, бас инженер, басқарма басшысы деген сатыларға дейін көтерілдім. Одан кейін, «РемСтройТрес» деген мекемеде де табан аудармай 20 жыл жұмыс істеген кезім болды. Осы кезеңдерде жинаған барлық тәжірибемді бір арнаға тоғыстырып, еліміздің көркейіп, өркендеуіне өзімше бір үлес қосайын деп, осы компанияның негізін қаладым. Әрине, жетістікке жеңіл жолмен жетем деп дәмеленудің өзі қателік. Қиын кезеңдерді бастан өткердік, кедергілер де болды. Ең бастысы алға мақсат қойып соған үздіксіз ұмтылу керек екен. «Еңбек түбі – береке» дегендей, осы уақыт ішінде киелі Жетісу жерінде біршама әлеуметтік маңыздағы ғимараттардың қабырғасын көтердік.
Иә, абыройы асып, беделі тасыған құрылысшылар іргесін қалаған халық үшін қажет мекемелер ауданымызда да жетерлік. Мысалға, «Елисейские поля» коттедж қалашығын, Жамбыл ауылындағы Н.Крупская атындағы мектеп жанындағы 300 орындық жапсаржайды, аудандық аурухананың патологиялық бөлімшесін, Қырғауылды ауылындағы «Ақ көгершін» балабақшасын солардың қатарына жатқызуға болады.
Білікті басшы, сонымен қатар, үлкен бір әулеттің арқасүйер азаматы, адал жар, төрт баланың ардақты әкесі, немере-шөберелерінің аяулы атасы. Бүгінде Нұржан, Алмат, Қайрат атты ұлдары әке жолын жалғап, отбасылық үлкен істің тасын өрге домалатуға өз үлестерін қосып жүрген көрінеді.
– Компания ұраны – «Біз өмірдің негізін қалаймыз!» – дейді Батырхан Сыдықұлы сөз соңында–Айналамыздың әсем ғимараттарға толып, көркейіп тұрғанында құрыш қолды құрылысшылардың толассыз маңдай тері бар екені анық. Ал, мен сияқты құрылыс мекемелерінің басшыларына үлкен жауапкершілік жүктелген. Себебі, әсіресе, мемлекеттік тапсырыспен салынатын нысандар халықтың үлкен сұранысына ие. Сол үшін де әрбір құрылысы аяқталған мектеп, балабақша, аурухананы тапсырған кезіндегі жергілікті тұрғындардың қуанышы мен айтқан алғысы – біз үшін нағыз жетістік!
Клара Көпбаева