Уақыт өткен сайын аудан өмірінің айнасы «Заман жаршысы» газетінің шыға бастағанына 85 жыл толатын қуанышты сәт те жақындап қалды. Ақиқатында қыркүйек айында сіз болып, біз болып, қалың оқырман қауым болып газет тойын атап өтеріміз хақ. Газет мерейі бүкіл қарасайлықтардың мерейі екенін атап айтуға тиіспіз.
2003 жылдың берекелі күзінде «Заман жаршысы» газетінің 70 жылдығын салтанатты жағдайда, газет құрылтайшысы аудандық әкімдіктің ұйытқы болуымен, бүкіл аудан жұртшылығы болып мерекелегеніміз есімізде мәңгілік қалды. Аудан әкімі Болат-би Сәтімбайұлы Құтпанов (бүгінде өмірден озған) халыққа ақ тілегін арнап, шын жүректен құттықтаса, аудан әкімінің орынбасары Жексенбай Әліпбайұлы Меңдіқұлов жарқын істердің жаршысы бола білген газеттің мерейтойы жайлы баяндама жасағаны жадымызда. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәрия Беспайқызы Жүйріктаева ханым газеттің мерейтойына арнайы қатысып, газет ұжымын, барша оқырмандарын шын жүректен құттықтап, шығармашылық жаңа табыстар тілеген еді. Осындай жарқын тілектер көп болды. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, жүрегіміз қуанышқа кенелгенін несіне жасырайық.
Басылым мерейтойында аудан әкімі Б. Құтпанов газет редакциясына жап-жаңа «Нива» көлігінің кілтін салтанатты жағдайда табыс етіп, редакция ұжымының ыстық ықыласына бөленді. Бұл да болса шағын ұжымға деген, журналистер қауымына деген үлкен құрметтің белгісі еді.
Мен «Заман жаршысы» газетінің редакциясына 1998 жылдың мамыр айында редактордың орынбасары болып қызметке алынып, бұл қызметті 2002 жылдың тамыз айына дейін абыройлы атқарып, белгілі ақын, журналист Шекербек Садықанұлынан бас редакторлық қызметті қабылдап алғанмын. Ашығын айтуым керек, менің қызметке тұруыма аталық көмегін жасаған қазақ журналистикасының ақсақалы Үсенбай Тастанбековқа, ағалық көмегін көрсеткен Шекербекке деген алғысым шексіз. Оларға шығармашылық табыс, ұзақ ғұмыр тілеймін!
Өздеріңізге мәлім, газет тәрбие құралы болғандықтан өткір сөз, ойлы орамдар арқылы адамдарды жақсылыққа тәрбиелейді. Сонымен бірге Қарасай өңірінің тыныс-тіршілігін барынша көрікті де көркем, кестелі тілмен баяндадық. Газет қашанда белсенді өмірлік позициясын ұстанып, ауданның әлеуметтік-экономикалық міндеттерін шешуге қатысу арқылы көптеген реформаларды жүзеге асыруға қомақты үлесін қоса білді. Бұл ретте редактордың орынбасары болып істеген Серікжан Қажы, газеттің жауапты хатшысы Пердегүл Оңғарбаева, тәжірибелі тілші Людмила Гиренко, жас журналист Атлана Исаева, тәжірибелі журналистер Қуатбек Оңғарбай, Танзиля Мұхтарова, бас есепші Әсет Тұрлымбекова, жүргізуші Тұрғанжан Қолжігітов, газет көркемдеуші Айжан Нұралиева, жас журналист Нұргүл Әлменбетова, тағы да басқа әріптестеріміздің есімдерін құрметпен атаймын.
Кейінен қызметке тұрған тәжірибелі журналист Берікбай Қадықов, ақын, журналист Қанат Тәкебаев, фототілші Ерлан Әлиасқаров, жас журналистер Клара Көпбаева, Бақдаулет Талипов, арт-менеджер Иван Елисеев, менеджер Ғалия Балабекова, дизайнер Айгүл Қыстықбаева әлі де газет жұмысынан қол үзген жоқ. Қаламы ұшқыр жас журналистерге алдағы уақытта да шығармашылық табыстар тілеймін.
Соңғы кездері газетте бір жаңа леп, жаңаша толғаныс, жаңаша ұмтылыс бар. Бұл ретте тәжірибелі журналист ретінде директор – бас редактор Атлана Исаеваның еңбегі зор деп білемін. Ол іскер, еңбексүйгіш, ізденімпаз, әрі ұйымшыл ұжым жасақтай білген. Қызметкерлерінің бәрі де өз мүдделерінен гөрі қоғам мүддесін жоғары қоя білетін талантты жандар.
Газеттің 85 жылдығы абыройлы белес, бұл деген тарих. Олай болса «Заман жаршысының» мерейтойын жоғары дәрежеде өткізу тек редакция ұжымының борышы ғана емес, газет құрылтайшысы – Қарасай ауданы әкімдігінің де абыройлы міндеті деп түсінемін.
Бейресми төртінші билік саналатын бұқаралық ақпарат құралдарының ауданымыздағы бірден бір өкілі саналатын «Заман жаршысы» газетінің алар асулары алда деп білемін. Газеттің өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың күндік. Демек, 85 жылдығын мерекелегелі отырған газеттің болашағы бұдан да жарқын болсын деп тілек қосамын!
Өтесін ҚҰБИЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі, газеттің бұрынғы бас редакторы.