Қолдан келгенді кәсіпке айналдыру оңай шаруа емес. Жалдамалы жұмыстан нәпақа тауып отырғандарға қарағанда мұндай тәуекелділікке барғандардың аты алысқа шабады. Сондай азаматтың бірі – Какен Тоқтаров. Алғашында ұн, күріш секілді өнімдерді мөшектеп сатып алып, «Алтын Орда» базарында килограмдап сатумен айналысқан кәсіпкер кезең-кезеңімен тұтас бір кәсіпорынның жұмысын жолға қоя алды. Тоқтамай жұмыс істеу мен талпынысының арқасында бүгінде оның кәсібі еліміздің ірі сауда орындары мен дүкендерін «Айдони» брендімен 35 түрлі өніммен қамтамасыз етуде.
Жақсы көрсеткіштерінің арқасында аталған мекеме бірнеше жыл бойы қаржылық-экономикалық көрсеткіштерді талдау нәтижелері бойынша салалық рейтингте үздіктер компаниялар қатарынан көрініп, «Сала көшбасшысы» атағына ие болған.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Іргелі ауылдық округінде 2010 жылы іргетасын қалаған «Айдони» ЖШС-нің тарихы одан әріден басталады. Мекеме директоры Какен Қалымұлының айтуынша, бұл отбасылық кәсіпті дамытудың бастапқы капиталы небәрі 300 долларды құраған.
– Жұбайым Бақытжамал Қабдосова екеуіміз еліміз нарықтық экономикаға көшкен қиын кездері сауда сатуды бастаған едік. Қолымызда бар 300 долларға бір қап ұн, күріш және басқа да дәнді-дақылдарды сатып алып, «Алтын Орда» базарына апарып, келілеп сата бастадық. Ал 2002 жылы осы жерден контейнер алып, өнімдерді келімен де, қапшықпен де сатумен айналыстық.
Сөйтіп, шағын саудамен айналыса жүріп, қажетті тәжірибе мен қаражат жинақтап, жеке кәсіп бастауды ұйғардық. Ол үшін 2010 жылы Қарасай ауданына қарасты Іргелі ауылдық округі аумағынан 54 сотық жер алып, өндірістік база салуға кірістік. Біртіндеп мұнда Қытайдан қажетті құрал-жабдықтар әкелінді. 2013 жылы жұбайым Бақытжамал атымен аталған жеке кәсіпкерлік ашып, өндіріс орнымыз толықтай іске қосылды, – деді Какен Тоқтаров.
2019 жылдан бастап компания өзінің мәртебесін де, атауын да өзгерткен. Осылайша, «Қабдосова» ЖК-тің негізінде «Айдони» ЖШС құрылды. Бұл жерде айта кетерлігі, «Айдони» деген атау кәсіпкер ерлі-зайыптылардың кенже ұлдары Айдостың құрметіне қойылған. Бүгінде екі үлкен қаптауға арналған цехі мен қоймасы бар кәсіпорынның жұмысы жүйелі.
Цехтердің жұмысына жауапты өндіріс басшысы Ләззат Пазлакинқызының мәлімдеуінше, сырттан әкелінетін шикізатты арнайы брендтелген қапшыққа салумен 19 адам айналысады. Олардың барлығы да жас жігіттер, өйткені бұл өндірісте жиі физикалық күш қажет. Ең қызығы жұмысшылар арасында тұтас отбасымен істейтіндер бар екен. Мәселен, Құрманбек әулетінен Абылай, Аманжол, Алғадай және Айғанат есімді ағайындылар өнімдерді қаптаумен айналысады. Ал іштеріндегі Абылай болса бригадир болып жұмыс істейді. Сондай-ақ, Нұрболат әулетінен шыққан Шыңғыс, Арман, Жасұлан және Әділет те осында біраз жылдан бері еңбек етіп келеді.
Бір кездері мұнда рафинадталған қант өндірісі жолға қойылған. Бірақ қуаттылығы аз болғандықтан, мұндай өндірістен көп пайда болмаған. Нәтижесінде оның жұмысы уақытша тоқтатылған. Десе де компания басшылығы алдағы уақытта цехтің қуаттылығын арттырып, рафинадталған қант өндірісін қалпына келтіруді жоспарлап отыр.
Коммерциялық директор Мақсат Ниязовтың сөзіне сүйенсек, қаптауға қажетті дәнді дақылдар Қазақстанның барлық аумағынан әкелінеді. Мысалы, күріш – Қызылордадан, сұлы – Көкшетаудан, тары – Павлодардан, қарақұмық – Өскеменнен, жарма – Қарағандыдан, жасымық – Қостанай мен Көкшетаудан. Жалпы бұл процесі тұрақты, тоқтаусыз жүру үшін компания басшылығы біраз жылдар жұмыс жасасқан сондай-ақ тек тексерістен өткен өндіруші және тасымалдаушы компаниялармен ғана тығыз ынтымақтастық орнатқан.
Қазіргі уақытта кәсіпорында Қытайдан әкелінген арнайы үш техника бірлігі пайдаланылады. Сонымен қатар логистикалық мәселелерді шешу үшін компанияның жеті жеке және бір жалдамалы көлігі бар. Оның үстіне 2024 жылы мұнда лизингке бір «Газель» көлігі мен бір «Jac» автокөлігі сатып алынған. Дайын өнім бүкіл Қазақстан бойынша, әсіресе Алматы облысына жөнелтіледі. Мұнан бөлек соңғы уақыттары компанияның өнімдеріне Моңғолия мен Ресей компанияларыда қызығушылық танытып, Мәскеу, Пенза секілді қалалардан тапсырыстар жасалуда. Жалпы «Айдони» өнімдерін ірі супермаркеттерде, көтерме базарларда және шағын дүкендерден сатып алуға болады.
– Біз жұмысты бастаған кезде кәсіпорында 10-12 адам жұмыс істейтін, – деп түсіндірді Какен Қалымұлы. – Қазір жұмыс орындарының саны 35-ке жетті. Біздің қызметкерлердің дені – жергілікті тұрғындар. Алдымен күріш, қарақұмық, бұршақты орап қойдық. Содан кейін тары, інжу арпа және сұлы жармасы қосылды. Қазіргі уақытта шығарылатын өнімнің ассортименті 35 түрін қамтиды. Қапшықтардың салмағы үш келіден 25 келіге дейін.
2021-2024 жылдардағы жұмысты жақсы ұйымдастырып, жоғары экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін біздің ұжымға «Сала көшбасшысы» құрметті атағы берілді, біз оны мақтан тұтамыз. Еңбегіміз ескеріліп, облыс, аудан және өзге ұйымдардан түрлі мақтау қағаздармен, грамоталармен, алғыс хаттармен марапаттар берілді. Алдағы уақытта өндірісімізді одан әрі дамытамыз. Бақытымызға орай, біз нарықтық экономикада өз орнын таба алдық.
Бір қуантарлығы, басшылық өз тарапынан жұмысшылар үшін барынша жақсы жағдай жасауға тырысуда. Қызметкерлерге тегін түскі ас қарастырылған, мереке күндері арнайы сыйақылар беріледі. Оның үстіне Какен Тоқтаровтың бірқатар қызметкерлеріне үй салып бергенінің өзі де оның әріптестеріне қалай қарайтынын білуге болады. Бәлкім, оның өзі де бір кездері біраз қиындық көргендіктен болар аяғынан тік тұрса да адамдық қасиетін жоғалтпай, әркімге түсіністікпен, жанашырлықпен қарауға тырысуда. Сондықтан ол Іргелі ауылдық округінің әкімдігімен бірлесе тұрақты түрде көмекке мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетуде. Кәсіпкердің жақсылығын көргендердің арасынан біреулер жай ғана сөзбен ризашылықтарын білдірсе, енді біреулері алғыс хаттар алып келеді. Аудан басшылығынан, дін қызметкерлерінен, көптеген үкіметтік емес ұйымдардан осындай марапаттар берілген.
– Отбасымыз үшін кәсіп бастап, оның жұмысын тұрақты қылу оңай болған жоқ, – деді әңгімеміздің соңында Какен Қалымұлы. – Біз де мұқтаждықты бастан өткердік, сондықтан көптеген отбасының қиындықтарын жақсы түсініп, оларға қолдау көрсетуге тырысамыз.
Бұдан бөлек тарихымызды да ұмытпай, батыр ата-бабаларымыздың өмірін насихаттау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға да атсалысудамыз. Мәселен, таяуда туған жерім Семей жаққа барған кезде бір топ дін өкілдері Шығыс өңірі тарихында айғақты ізі бар әйгілі тұлғалардың бірі Тана мырза құрметіне мешіт салуды бастағанын, алайда қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты жұмыстарды тоқтатып қойғанын естіп, қаржылай қолдау көрсеттім. Сонымен қатар осы тұлғаға арнап қазіргі уақытта ескерткіш тұрғызуды жоспарлап, осы бағатта ақырындап қадамдар жасап жатырмыз.
Жалпы біз бүгінде адамдарға пайдамызды тигізетін мүмкіндігіміз бар екеніне қуанамыз. Менің ойымша, бұл біздің заманымызда өте маңызды. Сондықтан алдағы уақытта да ұжымымызға да, қоғамға да пайдамызды тигізу бағытында жұмыс істей беретін боламыз.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.