Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматын бекіткен болатын. Мемлекет басшысының бастамасымен ұлыстың ұлы күні бірнеше күн бойы, яғни «Наурызнама» онкүндігі аясында атап өтіледі. Өткен жылы ұлықталған ұлттық шара биыл да ел бойынша дәстүрлі түрде кең ауқымды түрде тойлану жоспарлануда. Тағы бір айта кетерлігі, Президентіміздің нұсқауымен Наурыз мейрамының жаңа логотипі нақтыланған. Мұндағы үш қызғалдақ – уақыттың үш кезеңін, яғни еліміздің кешегі тарихын, қазіргі дамуын және келешек бағдарын бейнелейді.
Тарихи тұрғыдан алып қарасақ, Наурызнама – мыңжылдықтардан бастау алатын халқымыздың мәдени мұрасы. Айтулы мейрамның тойлануы қазақ халқында ешқашан бір күнмен шектелмеген. Бірнеше күн бойы салт-дәстүр жаңғырып, ұлттық ойын ұлықталып, қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады. Ізгілікке толы игі істі әспеттейтін мұндай бастамалар биыл да қолға алынбақ.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметіне сүйенсек, мерекенің онкүндік форматы фестиваль циклін құруға мүмкіндік береді, онда күн сайын туристерге қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық тағамдарын, ойындарын, музыкасын, қолөнері мен заманауи өнерін таныстыратын жаңа қызықты іс-шаралар ұсынуға болады. Биыл «Наурызнама» онкүндігі аясында еліміз бойынша халықтың дәстүрлерін, мәдениеті мен тарихын насихаттауға бағытталған 1,5 мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланған.
Бұл ретте Қарасай жері де ұлыстың ұлы күнін ұлықтауды мақсат етуде. Анығын айтқанда, ауданға қарасты әр ауылдық округте онкүндіктің аясында оның әрбір тақырыбына сай тиісті шаралар ұйымдастырылады.
Айта кетейік, «Наурызнама» онкүндігіндегі әрбір күннің мән-маңызы, мазмұны, мағынасы бар және тәрбиелік мәні бар тақырыппен қамтылған:
14 наурыз – Көрісу күні (татулық пен бірліктің символы);
15 наурыз – Қайырымдылық күні;
16 наурыз – Мәдениет пен дәстүр күні;
17 наурыз – Отбасы және ұрпақтар сабақтастығы күні;
19 наурыз – Жаңару күні;
20 наурыз – Ұлттық спорт күні;
21 наурыз – Бірлік күні;
22 наурыз – Жыл басы (Наурыз мерекесінің басты күні);
23 наурыз – Тазалық күні.
Өз тілшіміз.