Жуырда Алматы облысы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Қарасай ауданы кәсіпкерлері кеңесінің екінші отырысы өтті. Аудандық кеңестің мүшелері басқосқан жиында таяуда аяқталған облыстық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің сайлау нәтижесі қорытындыланып, ауданнан мүше ретінде тағайындалатын үміткер сайланды.
Естеріңізге салар болсақ, өткен жылдың желтоқсан айынан бастап, ағымдағы жылдың ақпан айында Қазақстанда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палаталарының өңірлердегі мүшелерінің мүддесін қорғау мақсатында құрылған өңірлік кеңестерге сайлау өткен болатын. Соның аясында 2024 жылдың 30 желтоқсанында Алматы облысы бойынша өңірлік кеңеске үміткерлердің құжаттарын қабылдау жұмыстары жүргізілді. Оған Қарасай ауданынан салалық және аудандық кеңестер мүшелері – «Алматыгазсервис-Холдинг» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Василий Тен және «Atlant Media» ЖШС-нің директоры Атлана Исаева, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысатын Әсел Жылқыбаеваның кандидатуралары ұсынылған еді.
Осыған байланысты сейсенбі күні Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында аудандық кеңестің отырысы өтті. Кеңестің төрайымы Жанна Жазықпаева ашып, жүргізген жиын барысында облыстық өңірлік кеңес құрамына мүшелерді бекіту, аудандық кәсіпкерлер кеңесінің жаңа төрағасын сайлау жөніндегі ұсыныстар талқыланды.
Ережеге сәйкес, кеңес хатшысы Орынбай Жанәділ алдымен жиналғандарды күн тәртібімен таныстырып өтіп, ҰКП-ның сайлау комиссиясының 16.01.2025 жылғы №6 хаттамасына сәйкес делегаттыққа кандидаттардың келіп түскен өтініштері туралы баяндады.
Мұнан кейін кеңес мүшелері Василий Тен мен Атлана Исаеваның үміткер ретінде талаптарға сәйкестігін және олардың сайлауалды бағдарламаларымен тағы бір мәрте танысып шығып, лайықты кандидатқа дауыстарын берді.
Дауыс беру қорытындысы бойынша, қарасайлық кәсіпкерлерді мазалаған мәселелерді көтеріп жүрген «Atlant Media» ЖШС-нің директоры, Қарасай аудандық «NAQTY» газетінің және «Naqty.kz» желілік басылымының бас редакторы Атлана Жанатқызы бірауыздан қолдауға ие болып, Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесіне мүше ретінде бекітілді.
Ал аудандық өңірлік кеңестің төрағасы болып бірауыздан жеке кәсіпкер, «SEVAN 1» ЖШС-нің директоры Армен Борян сайланды.
Айта кетейік, бүгінде Алматы облысы кәсіпкерлер палатасында 9 салалық кеңес жұмыс істейді. Соның бірі – әлеуметтік кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі кеңес. Облыс бойынша өткен сайлауға аталған кеңестен үміткер ретінде қарасайлық кәсіпкер Әсел Жылқыбаева қатысқан еді. Нәтижесінде оның кандидатурасы да мақұлданып, Алматы облысы бойынша өңірлік кеңестің мүшесі болып сайланды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.