Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялағаны белгілі. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттерді жоғары бағалау, өскелең ұрпақты табанды болуға тәрбиелеу, еңбек адамының мәртебесін арттыру. Жұмысшы мамандықтарының маңызы жоғары екенін алға тартып, осы салада қызмет етіп жүрген Қаскелең қаласының тұрғыны Болат Отаров жайлы азды-кем жазуды жөн көрдік.
Балалық шағы Алматы облысының Ұзынағаш бекетінде өткен Болат ағамыздың еңбек жолы таңғаларлықтай. Ол алдымен жас кезінде егіншілікке құмартса, қазір 60 жасты алқымдаған шағында туған қызы Айжанның жеке кәсібін дамытуға көмектесіп, киім пішуші болып еңбек етуде. Міне, қызық.
Болат Шаубайұлы 1963 жылы 8 тамызда көршілес Жамбыл ауданында дүниеге келген. Өзінің қатарластарымен мектепті 10 сыныппен аяқтап, одан кейін әскерге аттанған. Отан алдындағы борышын Ресейдің Владивосток қаласында өтеген. Әскерден оралған соң, совхоздың бағыты бойынша ең сұранысқа ие «механизатор» мамандығында оқыған. Болат аға дәл осы салада ұзақ жыл еңбек еткен. Анығын айтқанда, еліміз тәуелсіздік алғанға дейін жұмыс істеді. Сондай-ақ ол 1987 жылы сәуірде адал еңбегінің арқасында Мәскеуге делегат ретінде аттанған.
Болат Отаров 1988 жылы үлкен өмірге қадам басып, өмірлік жары – Адема ханыммен отау құрды. Олардың шаңырақтарында Айжан, Ақмарал, Мұрат есімді балалары дүниеге келіп, бақыттарын бекем ете түсті. Ата-ананың ақылы мен тәрбиесіне қаныққан ұл-қыздары есейе келе бұл өмірде өз жолдарын тапқан.
Болат ағамыздың еңбек жолына тоқталар болсақ, ол біраз жыл бойы бульдозер техникасын тізгіндеген. Әрине, ауыр көлікті ұзақ басқару оңай емес. Сондықтан денсаулық жағдайына байланысты 2018 жылға дейін ғана жұмыс істеген. Ал 2023 жылы қызы Айжан тігін цехын ашқан соң, қасына қолөнерші болып қолдау білдірген. Дәл осы істің қыр-сырын меңгеріп шағын кәсіпорынның ең мықты киім пішуші болды.
Қазіргі таңда әкесі мен қызы отбасылық кәсіпті өрге бастырып қана қоймай, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмыспен қамтуда. Бизнестің дамуына сондай-ақ отбасының басқа мүшелері – жұбайы Адема, Ақмарал мен Мұрат та үлес қосып келеді.
– Жеке өз басыма қызыма көмектесіп, киім пішуші болған ұнайды. Одан бөлек өзімнің сүйікті ісім ретінде егіншілікпен айналысқанды да жақсы көремін. Менің ойымша, еңбекке деген сүйіспеншілік маған ата-анамнан дарыған. Өйткені әкем көп жыл бойы агроном болып жұмыс істеді, ал анам Еңсеген қолөнерші болды. Қызым Айжанның тігіншіге жақын болуы содан болар. Біз бір отбасы болғандықтан, қазіргі таңда ортақ кәсіпті дамыту үстіндеміз. Алдағы уақытта қызыма көмектесуді жалғастыра беремін. Осылайша қоғамға өз пайдамды тигізгім келеді, – деді Болат Отарбаев.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.